Төлеби ауданы, Балдыберек жалпы орта мектебінде «Психологиялық қызмет көрсету барысында жүргізілетін психодиагностикалық зерттеу әдістерінің жіктелуі мен түрлері» тақырыбында төлебилік педагог-психологтарға арналған тәжірибелік оқыту семинары болып өтті.
Педагог-психологтардың кәсіби шеберлігін шыңдау, олардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай туғызу мақсатында ұйымдастырылған семинар барысында қатысушылар психологиялық қызмет көрсетуде жүзеге асырылатын психодиагностикалық, психокоррекциялық жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселесін кеңінен талқылап, практикалық жұмыс жүргізді.
Семинар бағдарламасына сәйкес, төлебилік педагог-психологтардың «Менің ғажайып әлемім» жобасы аясында психологиялық кабинеттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Қазіргі кезде көптеген елдер психологиялық қызметті мектеп қабырғасында және әлеуметтік ортада ұйымдастырып, психологиялық қызмет көрсету дәстүрі кеңінен қалыптасып келеді. Психологиялық қызметте ерте құрылған мемлекеттер тәжірибесін жан-жақты зерттеудің мән-мағынасы өте терең болып отыр. Оларда қалыптасқан ұйымдастыру түрлерін және бұл жұмыстың мазмұнын зерттеу негізінде көптеген елдер өз мектептерінде психологиялық қызметті ұйымдастыру мақсаты мен міндеттерін анықтап алып отыр.
Біздің елде білім беру жүйесіндегі психологиялық қызметтің мақсаты мен мазмұнын анықтауға Ресей, Балтық жағалауындағы мемлекеттер тәжірибесі мол мүмкіндік тауып беруде. Сондықтан осы мемлекеттердің тәжірибесін, теориялық және әдістемелік құралдарын терең және жан-жақты талдау үстіндеміз.
Психологиялық қызметтің мақсаты – бала дамуындағы әр кезеңдегі жан дүниенің ерекшеліктерін анықтап алып, олардың өз-өзіне, қоршаған ортаға деген көзқарасының, қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуына жетекшілік жасау. Бұл мақсат келесі міндеттер арқылы нақтыланады.
Психологиялық қызметтің міндеттері:
Психологиялық және әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қиындық көріп жүрген балалардың проблемаларын анықтап, оларға дер кезінде көмек көрсету;
оқушыларды мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап оны бітіргенше жетелеп, сүйеніш болып жүру;
проблемасы бар балаларды жан-жақты зерттеп, оны туғызған себебін анықтау және түзету-дамыту жұмыстарын жүргізу;
дамуында ауытқуы бар балалардың психологиялық қасиеттерін өңдеу үшін психологиялық тренингтер ұйымдастыру; оқу-тәрбие жұмысына ғылыми жетекшілік жасап әр оқытушының, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімін жетілдіру және біліктілігін арттыру жұмысын ұйымдастыру.
Осы анықталған міндеттерді орындау т.б. өмір барысында тұрған шиелініс жағдайларды дұрыс шешу үшін психологтар әр адамға сүйеніш болып, бағыт-бағдар беріп отыруы қажет. Қазақстанда мектеп психологі енді тағайындалып, өз жұмысын атқаруға жаңа ғана университет бітірген тәжірибесі таяз жас мамандар кірісті. Дегенмен олар жұмыс мазмұнын анықтап алу үшін ізденіс үстінде.