Оқу мен тәрбие — егіз. Тәуелсіз еліміздің тізгінін берік ұстау, өркениетті, көш бастап келе жатқан алдыңғы қатарлы елдердің қатарында болу талабы мектеп ұжымдарына біліммен қатар кешенді тәрбие беру, жаңа қоғамның пайым, парасаты мол, патриотты жаңа адамын тәрбиелеу міндеттелген. Үздіксіз жүргізілген жұмыс нәтижесінде оқушылар аудан намысын қорғап, облыстық, республикалық жарыстарда алдыңғы лектен көрініп келеді.
Осы орайда, Шардарада дарынды оқушылардың «Дарынды оқушы-болашақ кепілі» атты аудандық Оқушылар үйінде аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиевтің қатысуымен салтанатты жиын өткізілді.
Қазіргі жаһандану заманында білім саласында оң өзгерістер болуда. «Ықылым заманнан бері қазақ атамыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз қалдырған. Қазақтың бұл мақалының өзі бүгінгі күні айрықша мәнге ие болып отыр. Ел бірлігі мен білімді бәрінен де биік санап, әрдайым алға баса берейік. Болашақ жастардың қолында деп шын жүректен құттықтау сөз сөйледі аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев.
Салтанатты шарада 2022-2023 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің ІІ,ІІІ орындармен марапатталған және Республикалық Елбасы медалі жобасына қатысқан түрлі байқауларда жүлделі орын алған оқушыларды арнайы сыйлықтармен марапаттады.
Мектеп – білім берудегі бар мүмкіншілікті қамтамасыз ететін білім ошағы. Өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана, сонау әлімсақтан мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық көрсету сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады. Қазақ жастары осындай ұлтжандылығымен, өздеріне тән ұлттық болмысымен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстаған ел ғана басқа ел алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болмақ.Міне осы тұрғыда мектеп мұғалімдерінің алдындағы басты назар аударатын міндеттердің бірі білімді де тәрбиелі тұлға тәрбиелеуге бар күштерін жұмылдыру. Дарындылық – сапалы қабілеттердің өзіндік бірлесуі; оның арқасында іс-әрекет жақсарады. Көптеген ғалымдардың ойынша дарындылық, қабілеттілік және талант бір ұғымды білдіреді деді. Оларды бірдей негізде сәтті іс-әрекетте топтастыруға әрекет жасады.
Дарынды оқушыны анықтау мектеп табалдырығынан бастау алады. Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілуі психологтар мен мұғалімдердің және ата-аналардың біріккен жұмысы негізінде іске асады. Білім алушының дарындылығын анықтауда ең алдымен оқушының отбасы жағдайы зерттелінуі тиіс. Ата-анасымен танысып, отбасы деңгейі анықталған жағдайда баланың табиғатына жақын шығармашылық қабілеті анықталады. Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете біледі.