«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы аймақтық «Жер аманаты» комиссиясы мен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен көшпелі отырысы болып өтті. Комиссия мәжілісін облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев ашып жүргізді.
«AMANAT» партиясының Төрағасы Е.Ж.Қошанов «Жер аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және анықтау бойынша, жұмыстарды күшейтуді тапсырған. Қазіргі таңда, бұл бағытта жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бүгінгі мәжілістің де мақсаты, жайылымдық жерлер бойынша қордаланған мәселелер көп болуына байланысты жергілікті жерлерге шығып, көшпелі отырыс ретінде ұйымдастырылған. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының арыз-өтініштерін тыңдау мақсатында өткізілген басқосуға «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері, облыстық партиялық бақылау комиссиясы мүшелері, Арыс, Ордабасы, Отырар аудандарының әкімдері мен осы аудандардың партия филиалдары төрағалары, облыстық мәслихат депутаттары, облыс прокуратурасының өкілі, «Азаматтар арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы басшысы, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті, облыстық жер қатынастары басқармасы, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшыларының орынбасарлары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және партия қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде – 4 мәселе қаралады:
«Жер аманаты» партиялық жобасы бойынша 2022 жылы атқарылған және 2023 жылы атқарылатын жұмыстары туралы Ордабасы, Отырар аудандары мен Арыс қаласы әкімінің есебі тыңдалды. Сонымен қатар, Отырар ауданы, Аққұм елді мекені тұрғындарының жерге қатысты көтерген мәселесі талқыланды. Алдымен Түркістан облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Б.Досжановтың баяндамасы тыңдалды. Б.Досжановқа облыс көлеміндегі жайылым жер мәселесі жөнінде аудандарға қатысты сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар алынды.
Сонымен қатар аудан әкімдері де бірқатар өзекті сұрақтарға жауап берді.
-2023 жылы ортақ жайылым көлемін 8 700 гектарға ұлғайту жоспарланған. Мамыр айының қорытындысымен 2 157 гектар жайылым аудандық қорға қайтарылып, жоспар 25 пайызға орындалды, — деді Ордабасы ауданы әкімі Н.Бадырақов. Сонымен қатар, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Мамытқызы 2023 жылдың 4 айына ортақ жайылым көлемін 7 292 гектарға, яғни жоспар 49 пайызға орындалғанын атап өтті.
Жиын соңында, Облыс көлемінде «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында жерлерді қайтару бойынша 2023 жылға бекітілген жоспарға сәйкес, көрсеткіштердің аудандарда орындалуына бақылауды күшейту және әр айдың 25-не дейін жоспардың орындалуы туралы ақпаратты облыстық партия филиалына ұсыну туралы қаулы бекітілді. Сонымен қатар, Отырар ауданы, Аққұм елді мекені тұрғындарының жерге қатысты көтерген мәселесін толыққанды зерделеп, заң шеңберінде оң шешілуіне ықпал ету, жергілікті жерлерде «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында жерлерді қайтару бойынша 2023 жылға бекітілген жоспардың орындалуын бақылауға алу, аталған мәселе бойынша тоқсанына бір мәрте отырыс өткізу, кемшіліктер орын алған жағдайда тиісті лауазымды тұлғалардың партиялық жауапкершіліктерін қарау ұсынылды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі