«Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 3 шілде күні «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жария еткені есімізде.
Елбасымыз осы бағдарламалық сөзінде «егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, жаңа біліктілікті меңгеру керек және зауытқа, өндіріске бару керек, жұмыс бар жерге бару керек» екенін ерекше атап айтты.
Сондай-ақ Елбасымыз осы бағдарламада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, 2014 жылдан бастап еңбек нарығын дамытудың бес жылдық болжауларын талдап-жасауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұған қоса Елбасымыз 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында бізге көші-қон мәселелерін кешенді түрде шешу бойынша ел өңірлеріндегі еңбек нарығына ықпал ететін шаралар қабылдау қажеттігін айта келіп:
«Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет», — деп Үкіметке облыстардың әкімдерімен бірлесіп, шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеуді жүктеді.
Елбасымыздың 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына арналған «Қазақстан жолы – 2050» атты Жолдауында да барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар екені, ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұрғаны айтылды.
Елбасымыздың арнайы тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Үкіметі 2014 жылдан бастап жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасын жасап, жүзеге асыра бастады.
Өкінішке қарай, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен дүниеге келген «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасының қазіргі жағдайы бізді ерекше алаңдатып отыр.
2014 жылы бастау алған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасын орындауға жауапты ресми операторлар бірнеше рет өзгеріске ұшырады.
Алғашқы кезде Білім және ғылым министрлігінің кейбір басшыларына жүктелген бұл жобаға 2016 жылдың қыркүйегі мен 2017 жылдың желтоқсанына дейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ әкімші болды.
Жобаны сапалы жүзеге асыру мақсатында бұл орталықтың құрамында «Серпін» ұлттық жобалар басқармасы құрылды.
2018 жылдың қаңтарынан бастап «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына жетекшілік ету міндеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ведомстволық бағынышты ұйымы – Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығына тапсырылды.
Сілтеме: https://strategy2050.kz/ru/news/51615/
Біз 2019 жылғы 13-26 қараша аралығында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2019 жылғы «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» атты тақырыптағы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранты бойынша арнайы әлеуметтік жоба жасадық.
Жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастар арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.
Жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алып жатқан көп балалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалармен кездесулер өткіздік.
Атап айтқанда:
— 2019 жылғы 13 қараша күні Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде және Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде;
— 2019 жылғы 14 қараша күні Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде;
— 2019 жылғы 15 қараша күні Қостанай қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде және Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде;
— 2019 жылғы 16 қараша күні Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде;
— 2019 жылғы 18 қараша күні Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мелекеттік университетінде;
— 2019 жылғы 19 қараша күні Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде;
— 2019 жылғы 25 қараша күні Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде;
— 2019 жылғы 26 қараша күні С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша оқып жатқан студенттермен кездесіп қайттық.
Біз студент-жастарды Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы шеңберінде кадрлар даярлауға арналған бағытымен жан-жақты таныстырдық.
Кездесулер барысында студент-жастар өздерін толғандырған көптеген өткір сұрақтарын қойды.
Біз осы жоба бойынша жинақталған барлық ақпараттар бойынша сараптамалық-талдау сипатында есеп дайындап, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арнайы ұсыныстарымызды жолдадық.
Біз биылғы 2020 жылы да «Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КЕАҚ-на «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының ауыл мектептерінің түлектерін шақыру мақсатында белсенді түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.
Атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының Білім департаменттеріне «Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КЕАҚ-ның білім беру бағдарламаларының топтары туралы толық ақпарат жолданды.
Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшамызда күн сайын Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы және М. Қозыбаев атындағы СҚУ туралы 20-ға жуық ақпарат жарияладық.
Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшамыз арқылы 5 (бес) рет тікелей эфирге шығып, талапкерлер мен ата-аналарға М. Қозыбаев атындағы СҚУ туралы жан-жақты мәлімет бердік. Ол 20 мыңға жуық рет қаралды.
Түркістан облысының талапкерлері мен ата-аналарына арнап 4 (төрт) рет Zoom бағдарламасы арқылы тікелей конференция өткізіліп, оған 100-ден астам адам қатысты.
Бүгінгі күнге дейін тікелей өзімізге 300-ден астам талапкер мен ата-ана хабарласты, олардың бәріне М. Қозыбаев атындағы СҚУ-ға оқуға шақыру мақсатында ақпарат беріліп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.
Талапкерлердің тізімі университет басшылығына ұсынылды.
Биыл «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! («Серпін»)» жобасымен Петропавлдағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне Оңтүстік өңірлердің түлектері үшін 450 орын бөлінсе, іс жүзінде жұмыс күші артық облыстардан бар болғаны 90 талапкер ғана арнайы квотамен білім грантымен оқуға түсті.
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларды дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары ретінде оқыту үшін жоғары оқу орындарына 2018-2019 оқу жылына – 992, 2019-2020 оқу жылына – 1000, ал 2020-2021 оқу жылына – 1300 орын мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілген.
Оның ішінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне 2018-2019 оқу жылына – 34, 2019-2020 оқу жылына – 50, ал 2020-2021 оқу жылына – 60 арнайы квота берілген.
Қазіргі кезде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқитын студенттердің саны 7300-ден асады, олардың арасында Қытай, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан келген шетелдік жастар да бар.
Кейбір мәліметтер бойынша жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына арнайы бөлінген 5 мыңнан астам гранттың 4 мыңнан астамы игерілмей қалған.
Жүзеге асыруға тікелей жауапты ресми мекемелер жиі өзгере берген соң Елбасымыздың идеясымен басталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасының жүзеге асырылу барысы кейінгі кезде тіпті көңіл көншітпейтіндей ахуалға жетті деуге болады.
Соның салдарынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 17 мамырда еңбек және жұмыспен қамту мәселелері бойынша жиын өткізіп, жастарды жұмысқа орналастыруды негізгі міндет ретінде атап өтіп:
«Жоғары оқу орындарды бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан сәл ғана асады. Біздегі «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – Ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыру керек. Олардың қайсы нақты жұмыс істейді, қаншасы жүзеге аспай жатыр? Осыларды қайта қарау қажет. Бұл мәселені ұдайы назарда ұстау керек», — деді
Сонымен бірге 2019 жылғы 2 қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Кәрібай ағамыз бастаған «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшелері еліміздің Үкіметіне «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасының алаңтатарлық жағдайы жайында арнайы депутаттық сауал жолдауға мәжбүр болды.
«Nur Otan» партиясы Фракциясының құрамындағы халық қалаулылары мүшелері «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасын іске асыруға 2019 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 9,5 миллиард теңге қаржының жұмсалу тиімділігі ешқандай сын көтермейтінін айтып, дабыл қақты.
Себебі «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») әлеуметтік жобасы бойынша университеттер мен кәсіптік-техникалық колледждерді тәмамдаған түлектердің өздері білім алған өңірлерде жұмысқа орналасуы қанағаттанарлықтай емес.
2018 жылы жоғары оқу орындарын бітірген алғашқы түлектердің 23 пайызы ғана оқыған өңірлерінде жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ, колледждерді тәмамдаған «серпіндік» түлектердің 24 пайызы ғана өздері білім алған өңірлерде жұмысқа қалған.
Еліміздің Парламенті Мәжілісі депутаттарының мәліметтеріне сүйенсек, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша оқуға түскен студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін таппай отыр.
Мысалы, 2018-2019 оқу жылында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті оңтүстік өңірлерден келген 260 студентке жатақханада орын болмағандықтан, олар үшін Петропавл қаласындағы жеке пәтерлерді жалдауға мәжбүр болған.
Сол үшін университеттің өз қаражаты есебінен «серпіндіктердің» әрқайсысына ай сайын 15 мың теңгеден (ай сайынғы жалпы сомасы 3,9 миллион теңге) өтемақы төлеуге тура келген.
Жоғарыдағы депутаттық сауалға берілген Үкімет басшыларының 2019 жылғы 02 қарашадағы ресми жауабы бойынша 2014 жылдан бастап «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 28 мың орынды құрады (жоғары оқу орындары – 23 мың, колледждер – 5 мың), оның ішінде 2019-2020 оқу жылына – жоғары білімі бар кадрларды даярлауға 5 109 грант және 750 грант – техникалық және кәсіптік білім алуға бөлінді.
Білім саласындағы заңнамаға сәйкес колледждер мен университеттерге оқуға түсу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметімен анықталған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары арасынан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін қабылдау квотасы көзделеді.
Қабылдау квотасының мөлшері бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының 10%-ын құрайды.
Талапкерлер білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініш беру кезінде оқуға түсушінің білім беру бағдарламалары тобын және жоғары оқу орнын, оның ішінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша таңдауға құқығы бар.
Сонымен қатар, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына қатысушы мектеп түлектерінің болмауына байланысты квота жыл сайын орындалмай отыр.
Мысалы, 2019-2020 оқу жылына көрсетілген квота шеңберінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына 5109 грант бөлінді, тек 2 443 грант берілді.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының Үкіметімен айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары қатарындағы азаматтардың аталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына бөлінетін 10% квота шеңберінде білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсқа қатысуы үшін шектеулер жоқ.
Жобаның барлық қатысушыларын жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Білім беру ұйымдарының жатақханаларында орындарды бөлу қағидаларына» сәйкес «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы шеңберінде білім алушылар жатақханаларда орын бөлу кезінде басым құқыққа ие.
«Серпіндіктер» үшін колледж жатақханаларында тұру тегін.
Ал «серпіндіктерге» арналған жатақхана орындарына жоғары оқу орындарындағы орташа төлем ай сайын 3 000-3 500 теңгені құрайды.
2022 жылға дейін студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша үшінші әлеуметтік бастаманы іске асыру шеңберінде жатақханаларда кемінде 75 000 жаңа орын енгізу жоспарланған.
Жатақханаларға орын беру кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады: 2019 жылы – 5 мың орыннан кем емес, 2020 жылы – 15 мың орын, 2021 жылы – 25 мың орын, 2022 жылы – 30 мың орын.
Жаңа жатақханалардың құрылысы 169 жер учаскесінде жүзеге асырылады, оның 44-ін әкімдіктер бөлген, 125-і – оқу орындары мен инвесторлардың меншігіндегі жер учаскелері.
2018 жылы жергілікті бюджет есебінен 3 192 орындық 10 жатақхана пайдалануға берілген.
2019 жылы жоғары оқу орындары мен кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен 2 217 орындық 11 нысан іске қосылды, жергілікті бюджет және демеушілік қаражат есебінен 928 орындық 8 жатақхана салынуда.
Үкімет «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатқанына және бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында болатынына сендіріп отыр.
Алайда, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасын іс жүзінде орындау барысында көптеген түсініксіз тұстар аз болмай тұр.
Осындай өзекті мәселенің бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 Жарлығымен республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылған Шымкент қаласының мектептері мен колледждерін бітірген талапкерлердің «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына қатыса алмай отырғаны болып отыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 359 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 5.1.3-ші тармағында:
«Жұмыс күші артық 6 өңірдің: Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының 9, 11-сыныптарының түлектері жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына қатысушылар болып табылады», — деп жазылған.
Яғни Үкіметіміздің осы қаулысы бойынша Шымкент қаласы да, Түркістан облысы, оның ішінде Түркістан облысына қарасты қалалар да жұмыс күші артық өңірге жатады.
Тиісінше Шымкент, Арыс, Жетісай, Сарыағаш және Шардара қалаларындағы мектептер мен колледждерді бітірген түлектер де Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін өтініштер тапсыру кезінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы шеңберінде жұмыс күші тапшы өңірлердің: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының университеттерін таңдай алады.
Алайда, Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына тек қана Түркістан облысының ауылдық елді мекендерін бітірген түлектер ғана қатыса алады деп Шымкент, Арыс, Жетісай, Сарыағаш және Шардара қалаларындағы мектептер мен колледждер түлектерінің Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының университеттерін таңдауларына мүмкіндік бермеді.
Иә, расында да «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 8-тармағы 6) тармақшасында: «6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтарын қабылдау үшін квота көзделеді», — деп жазылған.
Алайда, ондағы «ауылдық квота» туралы қағидада «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы жайында нақты ештеңе айтылмаған.
Оның үстіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтарын қабылдау үшін квота көзделетіні» туралы қандай да бір арнайы ресми құқықтық-нормативтік құжаттарын ешқайдан таба алмадық.
Біздіңше, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңындағы «Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтарын қабылдау үшін квота көзделеді», — деген қағида нақты емес.
Сол себепті Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 5.1.3-ші тармағындағы: «Жұмыс күші артық 6 өңірдің: Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының 9, 11-сыныптарының түлектері жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына қатысушылар болып табылады», — деп айқын жазылған қағида өрескел түрде бұрмаланып, Шымкент қаласыныдағы мектептер мен колледждерді бітірген талапкерлердің құқықтары бұзылып отыр деп есептейміз.
Егер шынында да «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы жайындағы ережелері «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қағидаларына қарама-қайшы келіп тұрған болса, Білім және ғылым министрлігі неге осы уақытқа дейін алдын-ала ешқандай шара қабылдамаған?!
Ашығын айтайық, Білім және ғылым министрлігі «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының талаптарының биылғы 2020 жылы да өрескел түрде бұзылуына жол берді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 қарашадағы № 875 қаулысымен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлер болып Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстары белгіленген еді.
Бұған қоса «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «5.1.3. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы шеңберінде кадрлар даярлау» атты бөлімінде жоба шеңберінде кадрларды даярлау алты өңірдің: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының жоғары оқу орындарында жүзеге асырылатыны және жоғары білім беру жобасына қатысушылар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен, жол жүру ақысымен қамтамасыз етілетіні айқын жазылған.
Яғни осыған дейін «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына қатысып келген Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары жұмыс күші тапшы әрі демографиялық жағдайы күрделі өңірлерге жатпайтындықтан, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасындағы бұл бөлімнен алынып тасталған.
Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтарын қабылдау үшін квота көзделетіні «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 8-тармағы 6) тармақшасында да жазылған.
Яғни «2020-2021 оқу жылына жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 13 шiлдедегi № 299 бұйрығымен бекітілген 2020-2021 оқу жылына «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы шеңберінде жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі көрсетілген жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізбесіне «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасындағы бұл бөлімнен алынып тасталған және жұмыс күші тапшы әрі демографиялық жағдайы күрделі өңірлерге жатпайтын Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары енгізіліп қойған.
Ұсыныс:
2017 жылы шетелдегі және Қазақстан Республикасына көшіп келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету мақсатында «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылған еді.
Дәл сол секілді, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушы – қоныс аударушы азаматтарымызға қолдау көрсету мақсатында «Нұрлы көш» қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құрып, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасын жүзеге асыруды осы мемлекеттік қорға тапсырған жөн болар еді.
Түйін:
«Айқын» газетінде 2020 жылғы 29 шілдеде жарияланған «Серпінге» серпін берер демеу бар ма?» атты мақаладан үзінді («Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасының жүзеге асырылуы туралы біздің ой-пікірлеріміз):
«Жастардың арасында түсіндіру жұмысы өте нашар. Өз басым әлеуметтік желі арқылы Алматы, Жамбыл, Түркістан мен Қызылорда облыстарының әкімдіктерінен бастап, Білім беру департаментіне ақпарат жарияладым.
Бағдарламаға аудандық білім бөлімдері мен жергілікті жерде назар аударып жатқан біреу жоқ. … бағдарлама үшін күйіп-пісіп жүрген жауаптыны көрмедім».
«Серпін» жобасы жайында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен «Білім туралы заңның» арасында қайшылық бар. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасында Шымкент қаласының түлектері «Серпін» бағдарламасына қатыса алады деп жазылған. Бірақ министрлік былтыр да, биыл да Шымкент қаласы түлектерін жобаға қатыстырмады.
Бұл «Білім туралы» заңға қайшы келеді-міс. Ол жерде ауыл мектебін бітірген түлек қана бағдарламаға қатыса алатыны жазылған. Онда «Еңбек» бағдарламасына немесе «Білім туралы» заңға өзгеріс енгізу керек.
Аймағамбетовтің жеке қабылдауына кіріп, осы мәселені бірнеше рет көтердім. Үкіметке де хат жаздым. Білім министрлігі, Үкімет, Еңбек министрлігі де мән бермей отыр. Ең үлкен кедергінің бірі – осы».
«Биыл Үкіметтің қаулысы шықты. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, орталық, Павлодар, Қостанай, Ақмола мен Қарағанды облысына ғана «Серпін» гранты бөліну керек.
Министрлік Батыс Қазақстандағы 3 облысқа да бағдарлама грантын бөліп берді. Бұл – қате.
«Білім туралы» заңға да, Үкіметтің қаулысына да қарсы іс. Негізі, Батыс Қазақстандағы 3 облысты бағдарламадан алып тастады.
Министрлік мамандары «Білім туралы» заңды оқып, Үкіметтің қаулысын тыңдап бас қатырғысы жоқ. Осы туралы бірнеше рет жазып, айттым».
«Бағдарламаның кең етек жаюына жергілікті жерде кедергі көп. Мәселен, Жетісайда жекеменшік университет бар. Олар жобаға қарсы жұмыс істеп отыр. Университет басшылығына балалардың жергілікті жердегі ақылы оқу орнында білім алғаны жеткілікті.
Мәселен, Түркістанда жаңадан университет ашылғалы жатыр. Түркістан облысы соған жұмыс істеп отыр. «Серпінмен» солтүстікте оқыңдар» деп айтуға мүдделі емес.
Бұл – Үкіметті деңгейде шешілетін мәселе.
Мысалы, солтүстікте халық саны 560 мыңға жетпейді. Ал оңтүстіктегі 5 ауданда 710 мың адам тұрады. Жұмыс жоқ, халық тығыз орналасқан.
Солтүстік Қазақстанға жұмыс күші жетіспейді.
Қазір «Серпін» науқандық бағдарлама деңгейінде қалды. 13-20 шілде аралығында айтамыз да, қалған уақытта жақ ашпаймыз»,
«Иә, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешпесек, бағдарлама құрдымға кеткелі тұр. Кешенді жоспар мен Үкімет пәрмені әлсіз екені білінеді.
Ал жобаны шынымен де серпінді ету үшін елордаға білімді мамандарды тарту бағытында 2005-2007, 2008-2010 жылдары қабылданған арнайы бағдарламаға ұқсас құжат керек.
Аталған мерзімде Елбасы профессор, ғалым мен доценттерді астанаға топтастырған-ды. Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласы білім мен мәдениеттің ошағына айналды. Білім беру саласы қарыштап дамыды.
Профессор пікірінше, осы нобайды «Серпін» бағдарламасына лайықтаса болады. Білімді, сауатты кадрларды бағдарламаға тарту керек».
Сілтеме:
https://aikyn.kz/61158/serpinge-serpin-berer-demew-bar-ma/
Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,
«Nur Otan» партиясының праймеризіне Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласынан үміткер болып тіркелген қатысушы, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге, яғни Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласына қоныс аударушы.