Шымкент қаласында 14-24 мамыр аралығында запастағы әскерлердің тактикалық оқу-жаттығу іс-шарасы жоспарлануда. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасы ұйымдастырып жатқан жиынға жалпы 100-ге жуық запастағы офицер мен сержант шақырылған. Қаладағы индустриалды-техникалық колледжде запастағы жауынгерлерді медициналық тексеру, құжаттарын тіркеу, бөлімшелерге бөлу жиыны өтіп жатыр. Аумақтық қорғаныс бригадасының басшысы, полковник Ержан Сартбаевтың айтуынша, тексеру жиыны жоспарға сай жүргізілуде. Шақыртылғандардың саны жалпы – 96. Азаматтардың жоспарлы іс-шараға деген белсенділігі жоғары. Запастағы офицерлер мен сержанттардың біліктілігін арттыруға арналған тактикалық оқу-жаттығу жиыны «Ақтас» елді мекеніндегі оқу полигоны базасында өтеді.
Айта кетейік, Отан Қорғаушылар күні қарсаңында жалпы білім беретін мектептердің 100-ге жуық оқушысы Шымкент гарнизонының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасына барды. Бақылау-өткізу пунктінде балаларды бригада командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары майор Дінмұхамед Нұрақаев қарсы алды. Қысқа нұсқамадан кейін оқушылар бөлімнің аумағына кірді. Бірінші кезекте балаларға әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің негізгі міндеттері туралы айтылды. Бөліммен танысу барысында оқушылар әскери қызметшілердің күнделікті өмірі, әскери кәсіптің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы ақпарат алды. Ал, қызығушылық танытқан балалар Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындарына түсу ережелерімен танысты.
Әрі қарай балалар асханамен, спорт қалашығымен және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер тұратын үй-жайлармен танысты. Сондай-ақ, саптық алаңда балаларға арналған қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Әскери қызметшілер заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың, сондай-ақ байланыс құралдарының мүмкіндіктері туралы айтып берді.