Бүгін 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн қала тұрғындары Қиял әлемі саябағына жиналып, достық пен ынтымақты дәріптейтін мерекені думандатып тойлады.
Саябаққа келген қонақтар киіз үйлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының этнос өкілдерінің салт-дәстүрінен сыр шертетін көрмесін, ART Sport үйірмесі шәкірттерінің қылқаламынан шыққан туындыларын тамашалады. «Бірлігіміз жарасқан» деп аталатын салтанатты іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, тұрғындар мен қонақтарды бірлік күнімен құттықтады.
— Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың бірлігі бекем болса, экономикалық даму, бейбітшілік пен тұрақтылық бар екенін айтып өтті. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері өз болашағын Қазақстанмен байланыстырады және оның өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Біздің жалғыз отанымыз бар. Ол — Қазақстан. Бейбіт күнде, шаттыққа толы Бірлік күні құтты болсын!, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Мереке концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Шымкент қаласының өнерпаздары хореграфиялық композициясы арқылы түрлі этностардың ұлттық ән мен биінен шашу шашты.
Концерттік бағдарламада көрермендер арасында сахнадағы орыс халқының әніне билеген Арина Ципихина елді ерекше тамсандырды. Алты жастағы шымкенттік балғын анасымен бірге бүгінгі мерекелік бағдарламаны тамашалауға келген екен.
— Бүгін саябақта керемет концерт өтіп жатыр. Әдемі ән қойылса билегім келіп тұрады. Орыс, қазақ және түрлі ұлттың әніне билегенді ұнатамын, – дейді Арина.
Мерекелік кеште Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздары және «Айгөлек», «Шамсинур»,«Еркетай», «Қаракөз», «Би таңы», «Қазына» би ансамблдері, «MEIR» балет мектебі және «Светоч» хоры өнер көрсетті. Қаламыздағы тарихы терең өнер ордасы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры 1 мамыр —Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай, орталық саябақта балаларға арнап «Туған күн» атты қойылымын ұсынды. Көрерменіне қуаныш пен таңқаларлық сезім сыйлауда ізденісте жүретін театр ұжымының бүгінгі саябақта өнер көрсетулері де ерек. М.Абайділданың шығармасы желісінде сахналанған спектакль аңдар арқылы балаларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, достыққа тәрбиелейді.
Ашық аспан астында қойылған қойылым көрермендері саябақтың кішкентай бүлдіршіндері болды. Десек те, қойылым ересектерді де баурап алды. Театр басшысы Самат Алтайдың айтуынша, өнер ордасы осылай қала саябақтарында жиі қойылым қояды екен.
— Балаларымыз театрда ғана қойылым тамашаламайды. Театр актерлерлары қала маңындағы ауылдарға барып, қойылым қойып қайтуды дәстүрге айналдырған. Бұл да бір балаларды сергіту және тәрбиелік мәні бар іс деп санаймын, — дейді Самат Алтай.
Айта кетейік, театр бүгін Арбат демалыс аймағында да балаларға өнер көрсететін болады.