Мен – «Nur Otan» партиясының белсенді мүшелерінің бірімін.
Жалпы еңбек өтілім 1987 жылдан басталады, ал жоғары білім беру саласында 1994 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын.
Оның ішінде кейінгі 10 жыл Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында тұрдым және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қауымдастырылған профессор болып қызмет істедім.
Биыл, яғни 2020 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» өңіраралық қоныс аудару бағыты бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласына ерікті түрде қоныс аударып, көшіп келдім.
Қазіргі кезде Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Ғылым департаментіне қарасты Ғылыми-әдістемелік және патенттік-лицензиялық бөлімінің жетекшісі болып қызмет істеймін.
Менің негізгі мақсатым:
— еліміздің тарихи Қызылжар өңірін әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамытуға өзімнің азаматтық үлесімді қосу;
— жұмыс күші артық өңірлерден шыққан және Солтүстік өңірде оқып жүрген жастарға сапалы білім, тәлім-тәрбие беру және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақыттарда да одан әрі жүргізу.
Осы орайда, мынадай ұсыныстарымды ортаға салғым келеді.
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласына отансүйгіш, туған жеріне шын жанашыр, талантты адамдарды тартуымыз қажет.
Яғни Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезінде Целиноград деп аталған өңірлік қаланың орнында қазіргі келбетіне көз тоймайтын заманауи Елордамыз – Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласын тұрғызған тамаша үлгі-тәжірибесін пайдалана отырып, Петропавл қаласын қазіргі көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан жедел ақпараттық-технологиялық даму үрдісіндегі, жаңаша түлеген көрнекті қала – шырайлы шаһарға айналдыруға тиіспіз.
Осы сәтті пайдаланып, әртүрлі себептермен басқа жаққа көшіп кеткен, Қызылжар өңірінде туып-өскен жоғары білікті, озық ойлы жерлестерімізді, сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, басқа облыстарда тұратын білім-ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен өнер және басқа да салалардағы зиялы қауым өкілдерін Петропавл қаласына қоныс аударып, Солтүстік Қазақстанды бірге дамытып, өркендетуге үлес қосуға шақырамын.
Әрине, ол үшін Елбасымыздың Елордамыз – кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласына көрнекті зиялы қауым өкілдерін арнайы шақырып, қоныстандыру мақсатында жүзеге асырған үздік жобаларын үлгі ретінде ала отырып, Үкіметіміз Петропавл қаласына ерікті түрде қоныс аударғысы келетін талантты жерлестерімізге қажетті барлық әлеуметтік жағдайларды жасап, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін оң шешіп берудің жолдарын қарастырғаны жөн болар еді.
Петропавл қаласын заманауи ғылыми-білім беру орталығына айналдыруымыз қажет.
Осы мақсатта Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қатардағы өңірлік университеттердің бірі болып қалмауы керек деген ізгі тілекпен жоғары оқу орнымыздың негізінде Петропавл қаласында халықаралық мәртебедегі жаңа университет ашуды ұсынамын.
Бәрімізге белгілі, осыдан 20 жыл бұрын Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Елордамызда М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын ашу туралы идея айтып, сол бастамасын тікелей өзі жүзеге асырғанын көріп отырмыз.
Елбасымыздың өз сөзімен айтсақ, бұл университеттің әлемдік ғылым мен білімдегі тұғыры нығая түсті, қазіргі уақытта оның түлектері Қазақстанның экономикасында, ғылымында және басқа бағыттарында табысты еңбек етіп жүр.
Дәл сол секілді Елбасымыз өзінің Жарлығымен 1991 жылы Түркістан қаласында ашқан мемлекеттік университетке 1992 жылы 1 мамырда «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия Республикасының сол кездегі Премьер-Министрі Сүлеймен Демирелдің келісімі нәтижесінде Халықаралық университет мәртебесі берілгені есімізде.
Бүгінде алғашқы кірпішін Елбасымыз өз қолымен қалап, тұрғызып берген Түркістандағы жоғары оқу орны бүгінде түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болып, түркі әлемі жастарының басын біріктірген тұңғыш білім және ғылым ордасы ретінде ерекше қарқынмен дамып отыр.
Ендеше, біз де Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалының және түркі əлемінің мəдени-рухани орталығы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің үлгісін Қызылжар өңірінде басшылыққа алуымызға болады.
Нақты айтсақ, Елбасымыз көрсетіп берген үлгі-өнеге бойынша біздің Үкіметіміз Ресей Федерациясының және Түрік Республикасының Үкіметтерімен үшжақты арнайы келісім жасай отырып, таяу уақытта Петропавл қаласында «QYZYLJAR» Халықаралық университетін құру ісін жедел түрде қолға алғаны жөн.
Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласын қазіргі заманғы өркениеттің және жас ұрпақ үшін ғылыми-білім берудің орталығына айналдыруға және еліміздің «Солтүстік қақпасы» болып саналатын Қызылжар өңірінің экономикасын кеңінен дамытып, өркендетуге кеңінен жол ашылар еді.
Шын мәнінде, Петропавл қаласында «QYZYLJAR» Халықаралық университетін құрудың еліміз үшін ерекше саяси-стратегиялық мәні мен маңызы бар екені сөзсіз.
Біздің бұл ұсынысымыз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Жолдауында айтылған: «Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында 30 миллионға жуық адам тұрады. Миллионнан астам тұрғыны бар бірнеше қала орналасқан. Отандық тауарларды сату және инвестиция тарту үшін Ресей билігінің өкілдерімен және мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнату – еліміздің шекара маңын дамытудың аса маңызды факторы», — деген тұжырымдамасымен де тығыз үндеседі деп үміттенеміз.
Егер біздің осы ұсынысымыз қолдау тауып, жүзеге асырылатын болса, алдымыздағы таяу келешекте «QYZYLJAR» Халықаралық университетін Қызылжар өңірінің, яғни Солтүстік Қазақстан облысының ғана емес, Қазақстанның тұтас Теріскей аймағының айрықша имидждік брендіне айналдыра алар едік!
Жоғарыдағы негізгі мәселелермен бірге:
— Елбасымыз бекіткен «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында» көрсетілген XXI ғасырдың жоғары сапалы және қажетті дағдыларға ие адами капиталды дамыту;
— жаңа экономиканың кадрларға сұранысы мен кадрларды даярлау жүйесін бір-бірімен үндестіру;
— жұмыс күші артық облыстардың білікті мамандарына жұмыс күші жетіспейтін облыстарға ерікті қоныс аударуына жәрдемдесу;
— жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасын одан әрі дамытып, жалғастыру;
— талантты жастарды Қызылжар өңіріне шақыру мақсатында арнайы жоба жасап, оны қазіргі Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында жүзеге асыру;
— мемлекеттік тілде зерттеулер жүргізетін гуманитарлық бағыттағы ғалымдарға қолдау көрсету;
— азаматтық қоғамның мемлекетті басқаруға қатысу жүйесін жетілдіру мақсатында білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырыс, гранттар мен сыйлықақылардың тақырыптары мен мөлшерін көбейту және тағы да басқа көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын нақты ұсынуды жоспарлап отырмын.
«Nur Otan» партиясы доктринасының «Зияткер ұлт» атты бөлімінде былай деп жазылған:
«Жаңа білім мен серпінді технологияларды тың идеялар мен білімді бойға сіңіруге дайын тұратын, сыни тұрғыдан және жасампаздық ыңғайда ойлай білетін, өз еңбегіне жауапкершілікпен қарайтын білімді де кәсіби азаматтар жасайды. Зияткер ұлттың негізін тап солар құрайды».
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзі басқарып отырған «Nur Otan» партиясының қолдауымен туған еліміз бен өсіп-өнген жерімізді одан әрі көркейтуге баршамыз бірге атсалысайық!
Тарихи Қызылжар өңірін әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени тұрғыдан дамытуға бірлесе үлес қосайық!
Құрметпен,
Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Ғылым департаментіне қарасты Ғылыми-әдістемелік және патенттік-лицензиялық бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты (PhD), қауымдастырылған профессор (of Associate Professor).
Петропавл қаласы.