Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының әкімі білім, оқу орындарын арнайы аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Арнаулы оқу орындары қоғамда әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды рөл атқаратыны рас. Талапкерлердің бәсекеге қабілетті маман болып шығуы жолында оқу ордаларының атқарар қызметі айырықша. Сондықтан да аудан әкімі Арман Айдарұлы аудандағы бірқатар колледждерді аралап, ондағы материалдық-техникалық базасымен және кәсіптік даярлаудағы соңғы жаңалықтарымен танысты. Жұмыс сапары алдымен Қабланбек аграрлық-техникалық колледжінен басталды. Аудан басшысы колледж ұжымымен және студенттермен жүздесті. Аудан жастарын кәсіптік, техникалық мамандықтарға баулып отырған колледждің бүгінде орта арнаулы оқу орындарының ішінде өзіндік алар орны ерекше. Аралау барысында колледж директоры Баглан Шыганов аудан басшысына аталған білім ордасының материалдық-техникалық базасын таныстырып, кәсіптік даярлаудағы соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Жалпы 1100 орынды білім ордасында бүгінде 784 студент білім алуда. Орта арнаулы оқу орнында жастардың зертеулік жұмыс жасауына бар жағдай жасалған.
Сонымен қатар, Арыстанбаб колледжі де назардан тыс қалмады. Оқу орнындағы айтулы жаңалықтармен колледж директоры Арслан Асанов таныстырып, оқытушылар мен студенттердің жетістіктерін тілге тиек етті. Қазіргі таңда оқу орны еңбек нарығына аса қажетті , халыққа қызмет ететін бастауыш білім беру, дене тәрбиесі және спорт, шетел тілінен бастауыш білім беру, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, тәрбиешінің көмекшісі, құқықтану, заңгер, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, бағдарламалық қамтамасыз ету, емдеу ісі, фельдшер, акушер, мейіргер ісі, фармацевт мамандықтары бойынша жан-жақты, білімді, білікті кәсіпқой жұмысшы мамандарды оқытып, дайындауда. Аудан әкімі талапкерлерге оқуға зейін қойып, білікті маман болып шығу басты мақсат екенін айтып, ашық әңгімеге тартты. Колледжде мамандар даярлап шығуға арналған озық оқу-техникалық құралдармен жабдықталған 54 оқу кабинеті бар. Білім ордасында кітап қорыда жеткілікті болып шықты.
Арыстанбаб колледжі 2003 жылы ҚР үкіметінің қаулысына сәйкес бой көтерген. Білім ордасының негізін қалаған — Асанов Арслан Арынұлы. Алғашында білім ұясында тек гуманитарлық сала мамандарын әзірленген, 2006 жылдан бастап халықтың сұранысына байланысты, Сарыағаш өңіріне білікті медицина мамандарының қажеттігін ескеріп, медицина мамандарын даярлауды қолға алған. Қазіргі таңда колледж қызметкерлері озық технологиялар мен сапалы білім беру аясында, бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығару арқылы ел экономикасына үлес қосу мақсатында аянбай еңбек етуде.
Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық кеңесте білім саласын да қозғаған болатын.
«Қазіргі заманда дамудың басты кілті – білім. Біз заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ. Демек, жағдайымыз мәз емес. Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады» — деді келелі кеңесте.
Облыс тұрғындарының демографиялық өсімі жыл сайын жоғарылап келеді. Осы көрсеткішке қарай, 2021-2025 жылдар аралығында үш ауысымды мектептердің мәселесін, мектептердегі оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында кезеңімен 199 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Өткен оқу жылында облысымызда 508 мыңнан аса оқушы білім алды. Ал, биылғы жаңа оқу жылымен салыстырғанда тағы үш мың оқушы қосылған.
Биыл 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20,7 млрд. теңге қаржы бөлінген. Осыған орай, 34 мектептің (оның ішінде: бюджет қаржысы есебінен 21 мектеп, жекеменшік 13 мектеп) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы әзірленуде. Жобаның негізгі мақсаты: үш ауысымды, апатты мектептерді толығымен жою, білім беруге қол жеткізу талаптарының біркелкілігі мәселелерін шешуді көздейді.




