Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні қарсаңында Төлеби ауданындағы мектептерде ұйымдастырылған «Кітап – білімнің қайнар көзі, сөнбес шырағы» атты кітап оқу онкүндігі аясында №16 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектепте жаңашыл мектеп кітапханашыларының аудандық фестивалі өтті.
Төлеби аудандық білім бөлімінің әдіскері Өтегенова Сәлима Ермаханқызының ұйымдастыруымен өткен аталмыш фестивальға бірнеше кітапханашылар командасы қатысты. Әр команда бір түсті киім киіп, сол түсті пайдалана отырып, мектеп фойесінде тартымды кітап көрмесін ұйымдастырды.
Фестивальді аталған бөлім басшысының міндетін атқарушы Тойлыбаев Бекайдар Адамбекұлы сөз сөйлеп, ашып берген соң кітапханашылар гимні орындалып, флешмоб ұйымдастырылды. Командалар өздерін көрерменге таныстырып, «Бір кітап – бір идея» тақырыбында ерекше жобаларын қорғап, өнерлерін көрсетті.
Сондай-ақ, фестиваль аясында «Библиосаябақ», яғни «Ашық аспан астындағы кітапхана» деген өзгеше іс-шара және есте қаларлық челлендж өтті. Сонымен қатар, кітапханашылар мектептің спортзалында өткен қызықты жарыстарға қатысты.
23 сәуір – әлем әдебиеті үшін символикалық дата. Дәл осы күні әлемдік әдебиет майталмандары М.Сервантес, У.Шекспир, И.Вега, М.Дрюон сынды танымал авторлар туған немесе өмірден озды. 1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы бұл күні кітаптар мен авторларға құрмет білдіру туралы шешім қабылдады. Мереке Халықаралық Кітап баспа Ассоциациасының ынтасымен 1969 жылдан тойланып келеді. 1995 жылдың 16-қарашасында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 28 сессиясында мереке туралы Қарар қабылданып, 23 сәуір — «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні» болып жарияланды. Осы мереке арқылы ЮНЕСКО ұйымы баршаны, әсіресе, жастарды кітап оқудан ләззат алуға, адамзаттың әлеуметтік және мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан адамдардың еңбегін құрметтеуге шақырады.
Жыл сайын Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай облыстық кітапхана түрлі мәдени шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.




