Созақ ауданында «Ғибрат» бөбекжайы ашылды. Жаңа мектепке дейінгі білім беру мекемесінде асхана, ойын бөлмесі, жатын бөлме, медициналық кабинеттері бар. Бүгін Созақ ауданы, Сызған ауыл округінде жеке кәсіпкер Бекжан Алғазиев 75 орындық «Ғибрат» балабақшасын ашты. Ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
«Қазіргі таңда жас ұрпаққа тәрбие берудегі балабақшаның орны ерекше. Бүлдіршіндерімізге барынша жағдай жасап, балалық шақтарында қуанышқа кенелту біз үшін үлкен жетістік. Заман талабына сай соғылған бұл ғимарат ел игілігіне қызмет етеді деген сенімдемін. Аудан аумағында бөбекжай ғимаратын салу қажет басқа да елді мекендер бар. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз», – деді аудан басшысы. Салтанатты шарада ауылдың ақсақалдары жиналған көпшілікті қуанышты жаңалықпен құттықтап, ғимараттың ашылуына септігін тигізген азаматтарға ақ батасын арнады.
Айта кетейік, аудан басшысының өткен жылы Сызған ауыл округі тұрғындарымен кездесулерінде балабақша салып беру мәселесі жиі көтерілген. Аудан әкімі аталған мәселені шешу үшін тиісті шаралар қолға алынып, бар мүмкіндік пайдаланатынын айтқан болатын. 540 шаршы метр аумақты алып жатқан балабақша ғимараты заман талабына сай жабдықталған. Асхана, ойын бөлмесі, жатын бөлме, медициналық кабинеттері бар. Балабақшада 19 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Айта кету керек, замана көшіне ілесіп, жаңа даму мен өркендеу жолына түскен Созақ ауданында атқарылып жатқан істер тізбегі жетерлік. Түркістан облысының маңызды аудандарының бірі саналатын атаулы өңірдің аяқ алысы жаман емес. Қашанда өз бет-бейнесін, жаңа келбетін қалыптастыру жолында нақты қадамдар жасалынып, тыңғылықты жұмыстар атқарылуда.