Биыл күзде Түркістан қаласында 700 орындық «Білім-инновация» лицейіне арналған ғимарат пайдалануға беріледі. Қыздар мен ұлдардың бөлек әрі ақысыз оқу-басты ерекшеліктердің бірі болып отыр. Оның 400 орнында ер балалар білім алса, 300 орын қыз балаларға арналған. Дәл лицей жанынан 500 орындық жатақхана да салынуда.
Түркістан облысында қыздарға арналған лицей болмаған соң, Шымкент, Қызылорда қаласына барып, білім алып келді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының оңтайлы шешімі мен қолдауының нәтижесінде аймақ орталығында таптырмайтын білім ғимараты бой көтерген болатын. Заман талабына сай нысанның құрылысы қарқынды әрі сәтті жүргізілуде.
Жауапты басқармалардың басшыларымен нысанның құрылыс жұмыстарын бақылап қайттық. Оқу ғимаратының жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Лицейде жалпы 30 сынып кабинеті, 15 лаборатория және 23 қосымша кабинеттер мен лабораториялар кабинеті жасақталған. Ұлдар денешынықтыру сабағын спорт залында жаттықса, қыз балалар гимнастика залында өткізеді. Асханада бір мезгілде тамақтану 250 орынға арналған.
Жатақханаға 500 оқушы орналасса, қалған 200 бала Түркістан қаласының тұрғылықты оқушылары үйлерінен қатынайтын болады. Мердігерлер құрылыстың 77 пайызы аяқталғанын айтуда. Талқылау барысында ретке келтіру керек тұстары ескертілді.
Өткен апта лицей 2023-2024 оқу жылына 7-8 сынып оқушыларын қабылдауды бастады. Құжат қабылдау және емтиханға тіркелу жұмыстары жүргізілуде. Бастапқы екі күннің ішінде 200-ден астам өтінім келіп түскен. Мұндай мүмкіндікті естіген ата-аналардың қызығушылығы артып, өтінімдердің саны көбейген. Қазірге таңда құжат қабылдау және емтиханға тіркелу жұмыстары басталды. Бастапқы 2 күннің ішінде 200-ден астам өтінім келіп түскен, қазір саны артуда.
Білім-инновация лицейі осы жолы алғаш рет қыздарды қабылдайды. Кентау қаласындағы №3 «Білім-инновация» ер балалар лицей-интернаты» 28 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда 7-11 сынып аралығында 200-ден астам оқушы тәлім алады. Барлығы 35 мұғалім жұмыспен қамтылған. Бірақ проблемалы мәселелер жоқ емес.
Оқу кабинеттерінің аздығы, спорт залдың болмауы, жатаханада орын тапшылығы, лаборатория кабинеттерінің жоқтығына ұжым алаңдаулы еді. Соған қарамай, лицей ашылған сәттен бастап-ақ оқушылар республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда бас жүлделерді иеленіп келеді.
Мәселен, 2021 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаларда жүлделі орындардың 24%-ы БИЛ-дің үлесінде болса, 2022 жылы 27 пайызға артқан. 2023 жылы наурыз-сәуір айларында өтетін республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша қорытынды кезеңіне БИЛ-дің 12 оқушысы жолдама алды, бұл жалпы қатысушылардың 32%-ы. Ал түлектері болса, түрлі қызметте халыққа қызмет етіп, мектеп-интернатының мақтанышына айналып отыр. Соңғы төрт жыл бойы БИЛ республикадағы 100 үздік мектептердің қатарына енген.