Әдеттегідей, көктем мезгілінің келуімен байланысты өздеріңізді қауіпті жұқпалы ауру көздерінен сақтануды арнайы хабарлап, естеріңізге тағы бір салуды жөн көрдім. Түркістан өңірі Конго Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз аймақ екенін бұған дейін де айтқан болатынмын. Зоолог мамандардың бізге берген мәліметіне сәйкес, облыс аумағында КҚГҚ-ның қоздырғышы бар кенелер өте көп. Көктем мезгілінің келуімен тұрғындарға келетін қауіп те жоғары.
Сондықтан, сіздерді кене шағудан сақтануға шақырамын. Жыл сайынғы көрсетіп отырған тәжірибеге сәйкес, шағу оқиғалары әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатын орындар мен қора-жайларда, адамдар көк шалғын табиғатқа шыққанда жиі орын алады. Кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралу керек.
2023 жылдың басынан облыста 83 адамды кене шаққан. 2022 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1,8 есеге көп тіркелген. Кене шағу жағдайлары көбіне Сайрам, Созақ аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында тіркелген.
Облыста КҚГҚ қолайсыз 102 елдімекен бар, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 27- наурыздан басталған.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық көріністері: Аурудың алғашқы белгілері дене қызуының кенеттен 380С және одан жоғары көтерілуімен, қатты бас ауыруымен, көздің қызаруы, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігін қан кернеуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі болады. Ауру одан әрі асқына бастаған жағдайда денеде бөртпелер пайда болып, мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету және ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілері байқалады.
Аурудың алдын-алу үшін облыс тұрғындарын табиғи ошақ аумағындағы жануарларды, қора-жайлар мен буферлік аймақтарды, үй жайлар ауласы мен демалыс аймақтарын кенеге қарсы залалсыздандыру қажет.
Иелігінде ауылшаруашылық малдары бар азаматтар қора-қопсыларды қи мен көңнен механикалық жолмен тазартып, науқан кезеңдерінде ауылшаруашылық малдарының залалсыздандыру жұмыстарымен қамтылуын қадағалау қажет.
Нұрбек Нышанов
Түркістан облысының СЭБД басшысы