Алғашқы жылдары «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы тек жеңіл өнеркәсіп секторында жұмыс істейтін компанияларға ғана арнап ашылған болатын. Кейіннен Шымкенттегі өнеркәсіптің даму қарқынына қарай мұндағы өндірістік бағыттардың спекторы кеңейтілді. Атап айтқанда, мұнда ендігі жерде құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, жиһаз шығарушылар, фармацевтика, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларындағы компаниялар да қызмет атқара алады.
Соның бірі – «Шымкент химиялық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл өңірдегі мұнай-химия бағытындағы метил-трет-бутил эфирін (МТБЭ) өндіретін жалғыз зауыт. Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 57 мың тонна МТБЭ құрайды. Жобаның бірінші кезеңіне құйылған инвестицияның жалпы сомасы 11 млрд теңге. Мұнда қазірдің өзінде 130 адам жұмыспен қамтылған.
Жалпы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындар өндіретін тауарлар АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Бельгия, Италия, Корея, Хорватия, Түркия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды әлемнің 22 еліне экспортталады. Жоспарға сәйкес 2023-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын арттыруға және жаңа зауыт-фабрикалар ашуға бағытталған 22 инвестициялық жоба іске асуы тиіс. Олардың арасында «Karlskrona Co.» компаниясының «Сорғы жабдықтары мен құбыр арматурасын өндіру», «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС-інің «Ұнтақты полипропилен өндірісінің II кезеңі» және «ESMA Electric» серіктестігінің «Трансформаторлар мен электр техникалық жабдықтар өндіру» секілді ауқымды жобалары бар.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының маңында қосылған құны жоғары өндіріс орындарын және мұнай қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай, «Hill Resources» ЖШС-і негізгі майлар өндірісін қолға алмақ. Бұл жобаның инвестициялық құны 270 млрд. теңгені құрайды. Зауыттың қуаттылығы жылына 500 мың тонна мазутты қайта өңдеуге жетеді. Кәсіпорынның құрылысы биыл басталып, 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Ал, «Алмэкс Полимер» ЖШС-і ұнтақталған полипропилен өндірісін жолға қою үшін 38 млрд. теңге инвестиция құюға әзір. Аталған кәсіпорын 2025 жылы іске қосылған кезде жылына 80 мың тонна ұнтақталған полипропилен өндіретін болады. Сондай-ақ, «Эколайф Астана» компаниясы құрамында мұнайы бар және басқа да қалдықтарды кәдеге жаратуға бағытталған зауыт ашуды көздеп отыр. Айта кетейік, бүгінгі таңда осы 3 жоба бойынша «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС-імен шикізатпен қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.Сонымен қатар, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Хлопкопромцеллюлоза» атты компания жұмыс істеп жатыр. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы мақта целлюлозасының, карбоксиметилцеллюлозаның және полианионды целлюлозаның жалғыз өндірушісі.
Мұнан бөлек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «QAGAZ Ordasy SEZ» жауапкершілігі шекутеулі серіктестігі де жұмыс істеп жатыр. Бұл – Оңтүстік өңірдегі А3, А4 форматтарындағы кеңсе қағазын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыттың өндірістік қуаты жылына А4 кеңсе қағазының 3 млн. бумасын және А3 кеңсе қағазының 360 мың бумасын шығаруға жетеді.
Ал, «АГФ Групп» ӨК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – аты әлемге әйгілі «IKEA» сауда белгісінің Қазақстандағы ең ірі серіктесі. 2021 жылы кәсіпорын қосымша тігін цехын салып, өндіріс ауқымын кеңейтті. Аталған жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 751 миллион теңгені құрайды. Жаңа кәсіпорында 235 жұмыс орны құрылған. Осылайша зауыт жылына 20 млн дана тоқыма бұйымдарын шығаратын деңгейге көтеріліп отыр.
Қазақстандағы жалғыз шұлық фабрикасы да осы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Оны «Әлем БТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашқан. Аталған фабриканы ашу үшін компания 1 милиард 800 миллион теңге инвестиция құйған. Бұл фабрикада бүгінде 150 адам талмай еңбек етіп, жоғары технологиялы өндірістік жабдықтар мен толық автоматтандырылған өндірістік циклдың арқасында жылына 16 миллион жұп шұлық тоқып, сатып жатыр.
Міне, осылайша Шымкент қаласында, Мемлекет басшысы айтқандай, өнеркәсіпті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бұл елдегі үшінші мегаполис экономикасының орнықты дамуына және халықтың әл-ауқатының артып, тұрмыс сапасының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз.