Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірқатар мәлімдемелер жасады. Алдағы бес жылда атқаратын жұмыстарға тоқталған Президент халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес екендігін, бұл ретте, құқықтық әділетсіздік белең алғандығын, бай мен кедейдің арасы алшақтай түскендігін тілге тиек етті.
Осы орайда, тауар газының тапшылығын болдырмау үшін газ саудасын ашық бәсекеге шығару маңыздылығын айтқан мемлекет басшысы шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн деді. Мысалы, кімнің үйі үлкен болса, соған газ тарифі қымбатырақ болады деп түсіндірді. Жасыратыны жоқ осы қыста бірқатар аймақ жылусыз қалғанын еске салып, электр энергетикасына қатысты әзір тұрған үш заңды қабылдау керектігіне тоқталған Президент үкімет пен парламентке бірқатар тапсырмалар берді. Әрі Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет дегенді айтты. Сонда азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады, дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің жасаған мәлімдемесіне мән беріп қарайтын болсақ, әрбір сөзінің жаны бар деген қоғам қайраткерлері, бір кісідей қолдау көрсетуіміз керек екенін айтады.
Осы тұста, Президент тапсырмалары үкімет отырысында қаралды. Бүгін ҚР Премьер министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен үкімет отырысы өтті. Жиында бензин мен дизель отынының бағасы туралы айтылды. Сондай-ақ, ауылшаруашылық министрі азық-түлік бағасын тұрақтандыру тетігі жайлы баяндама жасады. «Бұл оңай шешім емес, бірақ оны қабылдауға мәжбүрміз». Осылай деген үкімет басшысы Әлихан Смайылов жанар-жағармай бағасының неліктен қымбаттайтынын түсіндірді. Айтуынша, егер баға өспесе, жақын арада тапшылық болуы мүмкін. Өйткені, қазір бензин мен дизельді көрші елге тасып әкету үрдісі белең алған.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер министрі: «Елімізде жанар-жағармай өндіру жыл сайын өсіп келеді. Сонымен қатар, оны тұтыну көлемі де арта түсуде. Бірақ, ол ішкі тұтыну көлемінің өсуімен байланысты болып отырған жоқ. Бағасы айтарлықтай арзан болғандықтан, біздің отынды көрші елдерге тасып әкету үрдісі белең алды. Бензин мен дизель отынының бағасын одан әрі ұстап тұру елдің энергетикалық қауіпсіздігіне теріс әсер етуі мүмкін. Біз Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмасын төмендетуге мәжбүрміз. Бізде бұдан басқа жол жоқ. Әйтпесе, бір айдан кейін жанармай тапшылығына тап боламыз»
Алайда бензин мен дизель отын бағасының өсуі азық-түліктің бағасына қатты әсер етпейді. Сауда және интеграция министрінің айтуынша, ірі ауылшаруашылық өндірушілердің басым көпшілігі газбен жұмыс істейді. Сондықтан дизотынның бағасы азық-түлік құнына қатты қысым келтірмейді дейді. Әрі көктемгі егіс жұмыстарына арзандатылған бағада, яғни литріне 204 теңгемен 413 мың тонна дизотын бөлінген және бұл өспейді.
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Әртүрлі тауарларға қатысты қымбаттау деңгейі де әртүрлі болады. Тауар неғұрлым жеңіл болған сайын, жүкті ауыстырып тиеу көбірек. Мәселен, жұмыртқа мен тауық етін алсақ, отын бағасының құны 2 пайыз, ал егер қантты алсақ – 5 пайыз, күнбағыс майын алсақ, дизель отыны 25 пайызға қымбаттаған кезде құны 700 теңге деп алсақ, 15-17 теңгеге қымбаттайды»
Сондай-ақ, енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға жеңілдетілген несие беріледі. Осылай деген ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта тауар құнын тұрақтандыру тетіктері іске асатынын мәлімдеді. Жаңа тәсіл бойынша өңір әкімдіктері жергілікті бюджеттен шамамен 125 млрд. теңге қарастырып отыр. Оның ішінде жеңілдікпен несие беруге 99 млрд теңге және тауар өндірушілерден тікелей сатып алуға 26 млрд. теңге жоспарланған.
Айта кетейік, бензин мен дизель отыны 12 сәуірден бастап қымбаттатылған бағада сатылады. АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін өседі , яғни 11% жоғарылайды. Ал дизель отыны 230-260 теңгеден 295 теңгеге көтеріледі, өсім шамамен 20%.