Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов “Shymkent” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен №14 емдеу орталығының инвестициялық жобаларының жүзеге асырылуын тексерді. Алдымен Құрсай шағын ауданындағы тәулігіне 450 келушіге арналған емхана құрылысымен танысып, жұмыс барысын бақылады.
Мұнда қазір бригадалар жер қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Айта кету керек, заманауи талапқа сай жабдықталатын емханада жоспарға сәйкес цифрлық рентген, УДЗ аппараттары, аудиометр, ЛОР комбайн, электроэнцефалограф секілді құрылғылар орнатылады деген жоспар бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта медициналық мекемеде 150 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Әлеуметтік нысан келесі жылы ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Инвестициялық жоба – 14 емдеу орталығы осы Құрсай елдімекенінде 1,2 млрд инвестиция жасап, осы жерде емхана салуды жоспарлап жатырмыз. Қазіргі уақытта жұмысы басталып жатыр. Ендігі 2024 жылы бітуі керек. Кезең-кезеңмен жүзеге асады. Инвестордың жоспарларына байланысты биылғы жылдың аяғына дейін емхана бөлігін бітіруге тырысамыз.»
Бұдан өзге, үшінші мегаполистегі Ынтымақ-2 шағын ауданында тәулігіне 350 келушіге арналған емхана бой көтеріп келеді. Шаһар басшысы, Мұрат Дүйсенбекұлы нысанда болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап қайтты. Жеті блоктан тұратын ғимаратта отбасылық денсаулық орталығы, стационарлық бөлімше, консультациялық-диагностикалық бөлімше де қарастырылған. Соңғы үлгіде жабдықталатын бұл емхана биыл қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Айта өтсек, емдеу орталықтары аталған аумақтардағы емханалардың жүктемесін жеңілдетіп, жергілікті тұрғындарға медициналық қызметтерді қолжетімді етуіне ықпалын тигізеді. Әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын көрген қала әкімі жауаптыларға ғимараттардың талапқа сай жабдықталуын қадағалап, жұмыстарды сапалы әрі өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды.