Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық Кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 наурыздағы №213-VII Заңына Мемлекет басшысы қол қоюына байланысты, салық заңнамасының негізгі өзгертулері бойынша хабарлайды.
Жеке тұлғаның соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануы бойынша
Салық кодексінің 30-бабы жаңа 3-1-тармақпен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), қаржы басқарушысының өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рәсімдерді жүргізетін борышкерге қатысты салық органдарының салық құпиясын құрайтын салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмай ұсынуын көздейді;
Салық кодексінің 117-бабы 3-тармағының бірінші бөлігі, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі — банкроттық туралы Заң) сәйкес сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот банкроттығын қолдану рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс қозғау туралы ұйғарым шығарған кезде – осындай ұйғарым шығарылған күннен бастап өсімпұл есептемеуді көздейтін тоғызыншы абзацпен толықтырылды (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі);
Салық кодексінің 128-бабының 3-тармағы жеке тұлғаға қатысты сот банкроттығы рәсімін қолданған немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтірген жағдайларда, сот банкроттық рәсімін қолдану немесе банкроттық туралы Заңға сәйкес төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы шешім шығарған күннен бастап салық органы оны шығарған салық бұйрығының күшін жоюды көздейтін 4) және 5) тармақшалармен толықтырылды (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі);
Салық кодексінің 1-тармағының 2) тармақшасына өзгерту және 248-бабы 5-тармақпен толықтыру (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), мұндай дебитор-жеке тұлғаны банкрот деп тануға байланысты қанағаттандырылмаған жеке тұлғаға тауарларды өткізген, жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен жағдайда, салық кезеңінде КТС есептеу мақсатында күмәнді талаптар бойынша шегерім қолданылады, онда банкроттық рәсімін аяқтау туралы соттың ұйғарымы заңды күшіне енген не соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы мемлекеттік органның шешімін шығару көзделеді;
Салық кодексінің 319-бабының 2-тармағы 51) тармақшамен толықтырылды (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), оған сәйкес Банкроттық туралы заңға сәйкес банкроттық немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолданылған борышкердің міндеттемелерін есептен шығару жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды;
Салық кодексінің 384-бабы 1-тармағының бірінші бөлігі 3) тармақшамен толықтырылды (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), оған сәйкес ҚҚС төлеуші соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталған немесе Банкроттық туралы заңға сәйкес сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы сот шешімі шығарылған салық кезеңінде өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша күмәнді талаптың бір бөлігіне немесе бүкіл мөлшеріне салық салынатын айналым мөлшерін азайтуға құқылы;
Салық кодексінің 610-бабының 1-тармағы азаматтар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы өтініш берген кезде мемлекеттік баж мөлшерін 0,3 АЕК белгілейтін жаңа 13-1) тармақшамен толықтырылды (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
Мемлекеттік баж ставкілерінің өзгеруі бойынша
Салық кодексінің 610-бабының 1-тармағы (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) жаңа редакцияда жазылды, онда мүліктік сипаттағы талаптар бойынша соттарда мемлекеттік баж сомасының жоғарғы шегін:
жеке тұлғалар үшін – талап қою сомасының 1 пайызы, бірақ 10 000 АЕК-тен көп емес;
заңды тұлғалар үшін – талап қою сомасының 3 пайызы, бірақ 20 000 АЕК-тен көп емес;
Салық кодексінің 610-бабының 2-тармағы жаңа редакцияда жазылды (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) онда, мемлекеттік баж ставкасы шағым берген субъектіге байланысты қолданылатындықтан сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау үшін мөлшерлемені қолдану тәртібін өзгерту көзделген;
Салық кодексінің 615-бабының 3) тармақшасына (2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) онда, Қазақстан Республикасы азаматының (16 жасқа дейінгі балаларға) паспорт беру ставкісін 8-ден 4 АЕК-ке дейін төмендетуді көздейтін өзгертулер мен толықтырулар енгізілді;
Қазақстан Республикасы азаматының (16 жасқа толмаған балаларды қоспағанда) паспорт беру ставкісін белгiлеу:
36 парақ – 8 АЕК;
48 парақ – 12 АЕК;
Қазақстан Республикасы азаматының бір жыл ішінде екі реттен астам жоғалтуына байланысты жеке куәлік беру үшін – 1 АЕК ставкісін белгілеу көзделген.