Ағымдағы жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш қабылдануда. Банкроттық туралы заң, оған кімдер өтініш бере алады. заңның талаптары жайлы салық төлеушілер арасында түсіндіру шарасын Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жүргізуде.
Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында салық төлеушілермен кездесу ұйымдастырылды. Бұл жолы сала мамандары жеке тұлғаларға «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңды түсіндірді. 3 наурыздан бастап қарыздары бар, берешегін өтей алмайтын азаматтар аталған Заң бойынша банкроттық туралы өтініш бере алады.Бақдәулет Өтембаев, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: «Жалпы банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды».
Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Ол үшін келесі шарттар сақталуы қажет:
«Борыш 5,5 млн. теңгеден аспайды, Кредит 12 ай бойы өтелмеген болса; Меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда; Банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген»,-дейді Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Өтембав.
Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышкерге қатысты 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады . Қайта банкроттық болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады.
Банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады. Сонымен қатар бұған дейін билік өкілдері егер адамдар банкрот болса, қарызы кешіріледі деген қате түсінік екенін айтты.Әзірге Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қарызы бар 161 жеке тұлғадан өтініш келіп түскен.