Әл -Фараби атындағы қалалық ғылыми- әмбебап кітапханасында 2 сәуір — Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітап — өмірлік ұстаз» атты мерекелік кеш өтті.
Мерекелік шараға «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, демеуші Калыйма Жантөреева, «Қызмет» газетінің бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова қатысты.
Шара барысында «Ақылдым» балаларға арналған республикалық журналының бас редакторы Ардақ Жақсылықова балаларға журнал жайлы көптеген ақпараттар берді.
Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына арналған “Шәкәрім оқулары” республикалық байқауының жеңімпазы, кітапханамыздың тұрақты оқырманы Дінмұхамед Кәдірхан байқаудан алған әсері жайлы ой – бөлісті.
Кітап – ең сабырлы ұстаз. Жалпы, кітап – құндылық. Ол адамды көбірек ойға жетелейді.
Албырт сезімімізді тежеуге, ішкі ойлау күшімізді арттыруға себеп болады. Кітап – дос,
жұбатушы әрі ақылыңа ақыл қосып, үнсіз тәрбиелейтін құрал.Кітаптың орнын еш нәрсе толтыра алмайды. Себебі кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз. Білімнің көзін ашып, ең алғаш ғылым саласын таңытқан, оқытып-үйреткен де —
кітап.
Бұдан өзге, рухани кеште жергілікті драматург С.Қасымбектің «Шөжек пен көжек» ертегісінен үзінді қойылып, балалар әдебиетінің бәйтерегі Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы негізінде пікірталас өтті. Сонымен қатар «Кітап менің өмірімде», «Мен оқыған кітап» тақырыбында пікір алысу өткізіліп, оқырмандар арнайы жасақталған кітап көрмесімен танысты. Мерекелік кеште белсенді болған оқырмандарға арнайы сыйлықтар тарту етілді.