Соңғы әлемде орын алып жатқан жағдайлар азық-түлік қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті. Елімізде шеттен келетін тауарларға тәуелді салалар біраз қиындыққа тап болды. Оның артында қаншама отбасының айлық табысы жатқаны айтпаса да белгілі. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігіне мемлекет басшысының өзі айрықша назар аударып отыр. Сәйкесінше, елімізде атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес.
Мәселен, Шымкентте мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Нәтижесінде жалпы 1500 жұмыс орнындық 23 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ.Қазір «Қайнар бұлақ» тұрғын алабы маңында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағын құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов аймаққа арнайы барып, инженерлік инфрақұрылымымен танысты.
132,9 га алып жатқан индустриалды аймаққа қазір су, кәріз жүйелері жүргізілуде. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға қосалқы станцияны іске қосып, кәсіпорындарды электр энергиясымен қамтуды тездету қажеттігін ескертті. Сондай-ақ инфрақұрылым жүйелерін биыл 90 пайызға аяқтауды тапсырды.
“Мемлекет басшысы импортқа тәуелділікті азайтуды тапсырған болатын. Аймақта жергілікті өнімдерді терең өңдеуден өткізетін кәсіпорындар шоғырланады. Бұл қаламыздағы алғашқы агроиндустриалды аймақ болып құрылады” –деді қала әкімі.
Биыл іске қосылатын индустриалды аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.
Мұнда 1 жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Сондай-ақ қала әкімі «Қайнар бұлақ» шағын ауданының инфрақұрылымымен де танысты. Мұнда қазір елдімекенді табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Газдандыру құрылысы алдағы жылы аяқталады. Нысан толық пайдалануға берілгенде 28 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылады.