Шымкент қаласында жыл басынан бері 269 адам «қандас» мәртебесін алды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37 адамға артық.
Алыс-жақын шетелдерден көшіп келген тұрғындар «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығында 6 ай бойы мемлекеттік тілді үйреніп, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шаралары бойынша көмектер алады.
Осындай бейімдеу қызметтері қазір 50 шақты мүшесі бар 18 отбасыға көрсетілуде.
Айта кетейік, қоныс аударғандардың басым бөлігі — ТМД елдерінен. Өзбекстан Республикасынан — 260, Ресейден – 5, Қырғызстаннан – 1 және Қытайдан – 3 адам көшіп келген.
Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы төмендегі мекен жайда орналасқан. Орталық мамандарына көрсетілген телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2008 жылдан бері қандастарға бейімдеу және ықпалдастыру қызметін көрсетіп келеді. Отандастар қоры таратқан мәліметке қарағанда орталықтағы 39 бөлме 170 адамға арналған.
Мұнда тарихи Отанына оралған қандастарымыз 6 ай тегін тұрып, тегін қызмет түрлерін пайдалана алады.
Қандастар үшін арнайы асхана, демалатын бөлме және арнайы оқу бөлмесі бар.
Қандастарға 6 түрлі кіші кәсіптік мамандық (аспазшы, кондитер, есеп және аудит, электрик, тігінші, газэлектродәнекерлеуші) және қазақ тілі, орыс тілі, ҚР Заңнамасы, ҚР тарихы, этно-педагогика (әдет-ғұрып), халық педагогикасындағы отбасылық тәрбие сынды 6 пәндік дәрістер қалаулары бойынша үздіксіз оқытылады.
«Сонымен қатар еліміздегі мәдени, мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, атажұртына оралған қандасқа тарих қойнауында қалып қойған естеліктерді еске түсіруге ат салысамыз. Қаламыздағы «Шымкент — қайырымды қала» бағытында жұмыс атқаратын қайырымдылық қорлармен жұмыс жасап, әлеуметтік мәртебесі төмен отбасыларға қол ұшын созып, әлеуетін арттыру үшін жұмыс атқарылады» дейді орталық мамандары.