Бүгін елімізде өтіп жатқан Парламент мәжілісі депутаттары мен барлық деңгейдегі маслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына 1923 жылы туған 100 жастағы әжей Ұлдаш Әлімбекова 509 сайлау учаскесіне өзі барып дауыс берді.
Елмен бірге өз таңдауын жасауға келген Ұлдаш әжей бұл сайлау елдің ынтымақ-бірлігін арттырып, жаңа өзгерістер әкелетініне үмітті.
«Бүгін елімізде сайлау өтіп жатқанда үйде тыныш отыра алмадым. Мемлекетіміздің, халқымыздың, балаларымыздың болашағы үшін маңызды шараға мен де өз үлесімді қосайын деген ниетпен балаларымды ертіп келдім. Бізде балалық шақ деген болмады. Ел тарихындағы қиын кезеңдер мен ауыр бейнет ерте есейтті. Енді, Құдайға шүкір, еліміз егемендігін нығайтып, жарқын болашаққа сеніммен қадам басып келеді. Келешегіміз бұдан да жақсы болатынына сенімім мол», — дейді 100 жасаған әжей.
Еске сала кетсек, бүгінгі сайлауға Отырар ауданы бойынша 28957 сайлаушы дауыс беруге қатысады. Ал, Түркістан облысы бойынша тіркелген сайлаушылардың жалпы саны — 1 млн 168 мың 658.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі