Сағын Өмірбайұлы Қазақстан 2020 жылдың 29 қарашасында Польшада өтетін Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауына үшінші рет шақырту алды. Бұл шешім Еуропалық хабар тарату одағы ұйымы басқарма комитетінің жасырын дауыс беруі нәтижесінде жарияланды. Еліміздің аталмыш жобаға қатысуы «Хабар» Агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі болуымен тығыз байланысты. Биыл Мәдениет және спорт министрлігі де — бұл байқаудың серіктесі. Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауына 9-14 жас аралығындағы әрбір өнерпаз қатыса алады. Алайда балалар арасындағы жобада Қазақстанды таныстыру мүмкіндігіне ие болу үшін алдымен Ұлттық іріктеуде жеңімпаз атану шарт. «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық байқауына қатысатын өнерлі балаларды іріктеу жалғасып жатыр. Ұлттық іріктеу жүргізетін қазылар алқасының отырысы өтіп, келесі кезеңге 30 үздік қатысушы таңдалды. Сол 30 оқушының ішінде Шымкент қаласындағы “Дарынды балаларға арналған мамандандырылған N90 мектеп-гимназиясының” оқушысы, жас өнер жұлдызы Өмірбай Сағын да бар. Таңдау оңай болған жоқ. Еліміздің түкпір-түкпірінен 684 бала қатысуға өтініш білдірген. Дегенмен, халықаралық ән байқауларының жеңімпаздары мен танымал кәсіби орындаушылардан құралған қазылар үздіктерді тани білді. Бағын сынағысы келетін балалар аз емес. Олар қазылар алқасының шешімін асыға, әрі толқып күтті. Жанар Дұғалова, әнші, қазылар алқасының мүшесі: — Негізі балалардың өнерін бағалау өте қиын. Өйткенті бала болғаннан кейін ешкімнің де көңілін қалдырғымыз келмейді. Бұл жерде ел намысы қорғалады. Әрине ең-ең деген баланы таңдауға тырысамыз. Алдымен қатысушылар арнайы сауалнаманы толтырып, өзі орындаған әннің бейнежазбасын ұлттық іріктеудің ресми сайтына жолдады. Екінші кезеңде талапқа сай келетін, өнері көңілге жаққан 30 қатысушы іріктелді. Ал одан кейінгі кезеңде jevision.khabar.kz (джевижен хабар кз) cайтында онлайн дауыс беру басталады. Яғни, әрбір қазақстандық өзіне ұнаған қатысушыға дауыс бере алады. Нәтижесінде ұлттық іріктеудің 12 финалисі анықталады. Жеңіс Сейдоллаұлы, композитор, қазылар алқасының мүшесі: — Ол жерге біздің елімізді шынайы дұрыс көрсете алатын адам ғана, өзінің кәсіби денгейі жоғары адамды ғана жіберуге, біз соған дайындалып жатырмыз. Және биыл мәдениет министрлігі үлес қосып, одан сайын күшейіп, барлық күшімізді салып отырмыз. Хамит Шанғалиев, композитор: — Қазіргі жағдайға байланысты карантин деп жатырмыз, бірақ оған қарамастан өте көп өтініш түсті балалардан. Өнер өлмейді деген осы. Өнерлі, талантты балалар өте көп бізде. Үміт өте жоғары. Сондықтан ойдағыдай болады деп ойлаймын. Бірінші орын алып береміз. Халықтың ықыласына бөленіп, көп дауыс жинағандар ән орындау шеберлігінен өзара сынға түседі. Басты талап – еліміздің танымал композиторлары жазған әндерді нақышына келтіріп орындау керек. Қазылар алқасының берген бағасы мен смс дауыс беу нәтижесінде жеңімпаз анықталады. Яғни, жүзден жүйрік шыққан өнерпаз қараша айында Варшаваға барады. Айта кетейік, 2018 жылы Данелия Төлешова дәл осы байқауда «Өзіңе сен» әнін орындап, алтыншы орынға ие болды. Ал былтыр Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орын алды.
Талай өнерпаз шәкірттерді баптап, өнер саласына өзінің ерен үлесін қосып келе жатқан, ұлағатты ұстаз Амрина Розаның шәкірті Өмірбай Сағынға ұлттық іріктеуден сүрінбей өтіп, “Junior Eurovision Song Contest” халықаралық байқауына жолдама алып, өнер көкжиегін бағындыра беруіне тілектеспіз.
Құрметті жерлестер, шымкенттіктер! Жерлесіміз, шәкіртіміз Өмірбай Сағынға дауыс беріп, ұлттық іріктеудің жеңімпазы болуына қолдау көрсетіңіздер!https://jevision.khabar.kz/kz/ сайтына кіріп, дауыс беріңіздер!