Еліміздің спорт саласында айтарлықтай табыстар мен көрсеткіштерге қол жеткізген Отырар ауданының халқы өзінің халықаралық, республикалық, әлемдік деңгейдегі танымал спортшылармен мақтана алады. Бұл бағытта киелі ауданымызда салауатты өмір салтын насихаттаумен бірге жасампаз Қазақстанның болашағы жастарымызды өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу мақсатында көптеген іс шаралар ұйымдастырылып келеді.
Сондай ауқымды іс-шаралардың бірі «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ауданның құрметті азаматы Асылбек Бейсенбекұлы Жақсыбекті еске алуға арналған ұлдар арасында волейболдан өтіп жатқан облыстық турнирі. 2007-2008 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында ұйымдастырылған турнир биыл да жоғары деңгейде аталып өтті.
Турнирдің басты мақсаты халық үшін қызмет еткен тұлғаларды дәріптей отырып әділетті Қазақстанның болашағы отырарлық жас спортшыларға елі үшін еңбек еткен азаматтардың есімін дәріптеу, туған жерді сүю арқылы елге қызмет етуге баулу болды.
Шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов арнайы қатысып, спорттық жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», ауданымыздың өркендеуіне мол үлесін қосқан асыл азамат Ж.Бейсенбекұлының өнегелі өмір жолына тоқталып, оны кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығын тілге тиек етті. Сонымен қатар шара барысында ардақты ардагер Жалғасбай Көлбай мен Әуесбек Жақсыбекұлы да өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, естеліктерімен бөлісті.
Айта кетейік, облыстық деңгейде өтіп жатқан жарысқа аудан-қалалардан келген 12 команда қатысып, бақтарын сынады. Тартысты өткен турнирде 1-ші орын Ордабасы, 2-ші орын Отырар, 3-ші орын Кентау коммандалары жеңімпаз атанып, кубок және медальдармен және арнайы алғыс хаттармен марапатталды.