Мемлекеттік институттарды қайта іске қосудың келесі қадамы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы болмақ. Биылғы 19 наурызда Парламент сайлауын өткізу Мемлекет басшысының өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған саяси жүйені қайта бастау үдерісінің жалғасы деуге болады.
Кезектен тыс парламенттік сайлауды жариялау Мемлекет басшысының мемлекеттік жүйені институционалдық жаңғыртуға бағытталған дәйекті саясатын көрсетеді. Барлық негізгі саяси институттардың жаңаруы қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатын сапалы түрде өзгертетін шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кез келген қоғамда демократиялық өзгерістерді бір сәтте немесе бір күнде жүзеге асыру мүмкін емес. Президент Қ.Тоқаевтың елдегі демократиялық дамуға серпіліс беретін бастамаларын қолдаймын. Мемлекет басшысы саясатының негізгі ұстанымы — қоғаммен байланысты нығайтып, демократиялық институттардың белсенділігін арттыруға негізделеді. Бүгінгі таңда елімізде азаматтық қоғамды дамыту бағытында барлық демократиялық институттар құрылған. Алайда олар әлі де қалыптасу сатысында.
Президент жүргізіліп жатқан саяси реформаларға жаңа қарқын беріп, саяси партиялардың Мәжіліске өту межесін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету, барлық сайлау бюллетеньдерінде «бәріне қарсымын» дегенді енгізуді, ауыл әкімдері сайлауынан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуді, онлайн-петиция институтын заңды түрде бекітіп, омбудсмен туралы арнайы заң қабылдауға, жастар индексін енгізіп, қайырымдылық шараларын ынталандыруға және қоғамдық бақылауды күшейтуге қатысты бастама көтеріп, нақты ұсынысымен бөлісті.
Ел тарихында алғаш рет жаңа сайлау циклі алдын ала, атап айтқанда, парламенттік сайлауға алты ай қалғанда белгілі болды. Бұл шешім азаматтық белсенділерге, саяси партияларға, оппозиция өкілдеріне жаңа саяси күреске қатысу мүмкіндіктерін таразылауға мүмкіндік берді. Барлығының, тіпті «диван мамандарының» да дайындалуға уақыты болды.
Соңғы жылдары сәтті жүргізілген барлық саяси реформалар біздің мемлекеттік құрылысымыздың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» негізгі формуласын нақты жүзеге асырылатынын көрсетіп отыр. Мемлекетіміздің жаңаруы алдағы сайлаулармен басталып, бұл қабылданған барлық конституциялық өзгеріс пен бүкіл саяси жүйені қайта іске қосуға мүмкіндік бермек.
Жания ӨКТЕМОВА,
Қазғұрт ауданы, Мәдениет сарайының әдіскері