Жасөспірімдерге тиісушілерге жеңілдік жасалмайды. «Бүгінде елімізде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің құқығын қорғауға ерекше назар аударылып отыр. Педофилдерге де ешқандай жеңілдік жасалмайды. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін соттаған кезде адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды. Сондай-ақ, жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқартуға, процестік келісімнің талаптары орындалған кезде қылмыстық жауаптылықтан босатуға, шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға, рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату жатпайды. Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін сотталған адамға ешқандай жеңілдік қолданылмайды» — дейді Түркістан облыстық полиция департаментінің Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов.
Мәселен, 2018 жылдың желтоқсан айында Түркістан облысы Түлкібас ауданында кәмелет жасқа толмаған қызды зорлау фактісі тіркелді. Онда күдікті қызға күш қолдану қатерін төндіріп, жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен. Мойнына асхана шанышқысын тақап, «анаңды пышақтап өлтіремін, түптеріңе жетемін» деп қорқытқан. Күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа өтті. Сот та аталған іс бойынша шешім шығарды. 2019 жылдың сәуір айында күдікті ҚР ҚК 120 бабының 3 бөлігі, 3 тармағымен кінәлі деп танылды. Оған қоса осы баппен педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналасу құқығынан 10 жыл мерзімге айыра отырып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды.
Түркістан облысының полиция департаментінің қызметкерлері әрбір ата-ана қауіпсіздік қағидаларын естен шығармау қажеттігін ескертеді. Ең алдымен кәмелет жасқа толмаған ұл-қыздарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Егер балаларыңыз мектеп жасында болса, олар өздерінің қайда, кіммен жүргені туралы үнемі хабарлап отыруы тиіс. Ересектер балаларға қауіпті жерлерде қыдыруға, сабақтан қашатын, қаңғыбастыққа бейім жасөспірімдермен дос болуға тыйым салуы қажет.
Сондай-ақ, ата-аналар подъезде, мектеп ауласында, балалар бақшасының маңында еш мақсатсыз серуендеп жүрген жалғызілікті ер адамдарға назар аударуы керек. Байқаған жағдайда, дереу полицияға шағымданыңыз.
Арам ниетті адамдар автокөлік ішінде отыруы да мүмкін. Сондықтан баланы сабақтан, үйірме мен секциядан ересектер күтіп алатындай мүмкіндік болмаса, сыныптастарымен бірге қайтуды ұсыну керек.
Бала біздің болашағымыз. Балаларымызды қоғам болып қорғайық. Ал, қылмыскерлер өз жазаларын алуы тиіс.