2023 жылы Кәсіподақтар федерациясы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне төрағалық ету қызметін бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ. Бұл туралы ҚРКФ Медиа орталығы ақпарат таратты.
Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі – Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының бірлескен бастамасымен 2021 жылдың қарашасында құрылған бірегей интеграциялық құрылым.
2021 жылғы 10 қарашада Өзбекстан астанасы Ташкентте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Өзбекстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Қудратилла Рафиков пен Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Маликшо Нематзода Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін (ОАЕКК) құру туралы Хаттамаға қол қойған болатын.
Кеңестің мақсаты – еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек, кәсіптік, экономикалық және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ, кәсіподақтардың құқықтары мен кепілдіктерін қорғау бойынша ОАЕКК мүшелерінің іс-әрекеттерін біріктіру.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін құру Орталық Азия аймағындағы 15 млн-нан астам жұмыскердің лайықты еңбек стандарттары мен оған әділ еңбекақы төлеуге, еңбек көші-қоны мәселелерін, қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің жалпы мәселелерін шешуге деген ұмтылысындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. ОАЕКК сайланған Бас хатшысы Кеңес қызметін дамыту және кеңейту бойынша бірқатар ұсыныс жасады, — делінген ҚРКФ медиаорталығы хабарламасында.
Биыл Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы жанындағы Кәсіподақтың Еңбек академиясының базасында Бірыңғай білім беру хабы одан әрі дамытылады, онда тұрақты негізде ОАЕКК мүшелері – Ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері тұрақты негізде кәсіподақ қызметінің озық тәжірибесімен алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар ОАЕКК Бас хатшысы кәсіподақ мүшелерін Кеңеске мүше елдердің кәсіподақ шипажайларында санаториялық-курорттық-сауықтыру қызметтерімен қамтамасыз ету үшін кәсіподақтың Бірыңғай денсаулық және туризм картасын әзірлеуді ұсынды. Жаңа ОАЕКК ақпараттық-коммуникациялық ресурсы да пайда болады.
Кәсіподақтар федерациясы – елдегі еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен кәсіби түрде айналысатын ірі қоғамдық ұйым. ҚРКФ 23 салалық, 17 аумақтық кәсіподақ бірлестігі мен 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарын қамтиды, кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны шамамен 1 700 000 адамды құрайды. Кәсіподақтар федерациясы әлемнің 163 елінен 176 миллион адамды біріктіретін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының толыққанды мүшесі болып табылады.
Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.