Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында Қазақстан футбол федерациясына 30 жыл толуына орай, жиын өтті. Айта өтерлігі, қазір Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірімізде миллиондардың жүрегіне жол тартқан футболды УЕФА-ның талаптарына сай дамытуды жаңғыртып, отандық футбол шаруашылығын өркендетуге ерекше назар аударып отыр.
Облыстық футбол федерациясының конфедерациясында Түркістан облысының футбол саласының өсіп-өркендеуіне ұзақ жылдардан бері мол еңбек сіңіріп келе жатқан азаматтар «Қазақстан футбол федерациясына – 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Марапаттау рәсімін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп, биылғы футбол маусымында бұдан да жоғары жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдіріп, өңіріміздің футбол саласының өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді. Сонымен қатар Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев та марапаттау жиынын жүргізіп, футболды дамытуға көңіл бөлініп жатқаны туралы баяндады.
Түркістан облысында 2023 жылы спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар санын 42,0 %-ға жеткізу көзделген. Халық арасында бұқаралық спортты дамытып, спорт кешендерін ашу мәселесі де жоспарланған. 2023 жылы Қытай елінде өтетін жазғы Азия Ойындары мен 2024 жылы Францияда өтетін жазғы Олимпиада Ойындарына облыс спортшылары спорттың бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін және әйелдер күресі, есу спорт түрлері, ауыр атлетика, таеквандо спортынан жолдама алады деп күтіліп отыр. Қазіргі таңда 13 үміткер-спортшы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.қазіргі таңда облыста 4647 спорт ғимараты тіркелген. Түркістан қаласында жаңа халықаралық теннис орталығы пайдалануға берілді. Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық спорт мектебінің спорт кешенін қайта құру және 320 көрерменге арналған қосымша ғимарат салу құрылысы жүргізілуде. Ескек есу каналы мен мұз сарайының құрылысы жүргізілуде.Сондай-ақ облыс аумағында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Сауран, Мақтаарал, Төлеби, Бәйдібек, Жетісай және Сайрам аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр.