Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыс тобының жетекшілері т.ғ.д., профессор Тұрсұн Хазретәлі және фил.ғ.к., доцент Сержан Оразбай Түркістан облысы, Шаян ауданына экспедицияға барып, далалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп қайтты. Экспедиция барысында Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орналасқан Аппақ-Ишан сәулет кешенінде болды.
ХІХ ғасырдың 40 жылдары құрылысы басталған Мешіт-медресе діни оқу орны ретінде 1927 жылға дейін қызмет еткен. Кешен құрылысына: медресе, мешіт, дәрісхана кіреді. Алғашқы кезде көптің көмегімен асарлатып осы мешіттің орнына қам кірпіштен шағын ғана мешіт тұрғызылған. Шаян ауылынан мешіт-медресе ашылғанын естіген халық, жан-жақтан ағыла бастайды. Шағын мешітте шәкірт тәрбиелеу үшін кең бөлмелер қажет болғандықтан, Қосым ишанның баласы Сейдахмет патша ағзамның шенеуніктеріне қайта-қайта барып жүріп, күйдірілген қыштан мешіт медресе тұрғызуға 150 рубль орыс ақшасын бөлдіріп, рұқсат алады. Сондай-ақ, жергілікті халықтың жинаған қаржысымен қоса мешіт-медресенің үш комплексті құрылысы басталып, бірнеше жылдарға созылған. Мешіт-медресе құрылысын Қосым баба бастап, баласы Сейдахмет жалғастырып, немересі Аппақ ишан аяқтаған екен.
Экспедиция мүшелері осы мешіт-медресенің қызметкерлерімен сұқбат құрып жергілікті халық арасынан аңыз әңгімелерді жинақтап қайтты.
Еске сала кетсек, Түркістан облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия 2021 жылғы 14 қаңтарда құрылды. Оған өңірден 25-тен астам тарихшы ғалымдар, доценттер, phd докторлар, сарапшылар, архив саласының қызметкерлері және т.б. азаматтар тартылған. Осы ретте, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысшы топ құрылған.