Түркістан облысында өткен 2022 жылы «Балалар жылына» орай мәдениет және өнер мекемелерінде 2 165 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 200 мыңнан аса бала қамтылған. Мемлекет басшысының балаларды тегін шығармашылық үйірмелелермен қамту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында artsport.edu.kz платформасы іске қосылып, облыс әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынды. Нәтижесінде 145 шығармашылық үйірме ашылып, 7 487 бала 43 үйірме түрімен шұғылдануға мүмкіндік алды.
Балалар жылына орай облыстағы ең ауқымды шара — облыстық «Бал таңдай» балалар өнер фестивалі өтті. Фестиваль аясында жыл бойы облыстағы өнерлі балалар арасында «Менің туған жерім» жас суретшілер байқауы, «Кел, билейік!» бишілер байқауы және эстрадалық ән байқауы мен «Бабадан қалған асыл сөз» жас термешілер байқауы өтті. Сондай-ақ, жыл қорытындысымен музейлерге 106 567 оқушы тегін кірсе, театрлардағы балаларға арналған ертегі, қойылымдарға 2 717 бала ақысыз тамашалады. «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай Түркістан қаласында өнерлі балаларға арналған «Балтаңдай» облыстық байқауы, Арыс қаласында «Балдәурен-2022» облыстық ән байқауы ұйымдастырылды.
Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға және балаларға әлеуметтік, психологиялық қолдау көрсету бойынша «Үкілі Үміт» өнер фестивалі, «Жауқазын» мүмкіндігі шектеулі балалардың өнер фестивалі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, балалардың назарын кітап оқуға аудару мақсатында «Жүректен жүрекке», «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз», «Мейірімді жүрек» сынды жобалар жүзеге асты.
Бұдан бөлек, «Үйдегі абонемент» жобасы бойынша үйлеріне кітаптар тасымалданып, ертегі терапиясы арқылы көңіл күйлерін көтеріп, қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасалды.