Түркістан облысында ауылдарды қажетті нысандармен қамту жұмысы қарқынды жалғасуда. Бүгінде Созақ ауданы, Жартытөбе ауыл округіне қарасты Аққолтық елді мекенінде мәдениет үйінің жаңа ғимараты ашылып отыр. Заманауи үлгідегі 75 орындық мәдениет үйі 329,5 шаршы метрді құрайды. Аудан әкімінің халықпен кездесуінде де бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, жыл соңына дейін пайдалануға берілетіні айтылған болатын. Осылайша өңірде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асып жатқанын атап өтуге болады. Жаңа жыл мерекесі аясында тұрғындардың көптен күткен арманы орындалды. Жаңа нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды жаңа мәдени ошақтың ашылуымен құттықтады.
– Баршаңызды төрімізге енгелі отырған Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бүгін Аққолтық елді мекені көптен күткен, ұрпаққа берер тағылымы мол мәдениет үйімен толықты. Мәдениеттің өсуі – халықтың өсуі, ұлттың өркендеуі. Сондықтан да мемлекетіміз мәдениет саласына аса мән беруде. Биыл Жартытөбе ауыл округі үшін табысты жыл болды. Көшелерді жарықтандыру, жолдарды асфальттау жұмыстары атқарылды. Келер жылға қалған көшелерді толығымен аяқтап, 100 пайызға жеткізу жоспарлануд, – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Жиында аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев, Аққолтық елді мекенінің қариясы Аймұрзаев Балтабек, мәдениет ардагері Еспаев Егізтай сынды ел ағалары да сөз сөйлеп, ілкімді іске ризашылықтарын білдірді.
Кітапханасы бар Мәдениет үйі жаңа музыкалық құрал-жабдықтар және заманауи жиһаздармен қамтылған. Толығымен заман талабына сай салынған рухани мекенде алдағы уақытта түрлі қоғамдық маңызы бар мерекелік іс шаралар өтетін болады. Ал мерекелік жиын соңы «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.




