Ауыл – иісі қазақтың бойына нәр құятын алтын бесігі, негізгі мекен-жайы, ұлттық рухының қуат алар қайнар көзі. Бізге дейінгі сан толқын ұрпақтардың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекеннің қадірін арттырып, қазақы салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды кеңінен насихаттау, ауыл мәдениетін көтеру, ел арасынан тума таланттарды, дарынды спортшылар мен қолөнершілердің шығармашылық жұмыстарына қолдау көрсету, ауылдың тыныс-тіршілігін, қазыналы қариялар мен жастардың ауыл мәдениетін көтерудегі рөлін арттыру, ауылдың алтын қазығы болған әрбір отбасының өз туған жеріне, еліне деген құрмет-сүйіспеншілігін одан әрі жетілдіру мақсатында Жетісай ауданы әкімінің қолдауымен «Ауылым – алтын тұғырым» атты аудандық өнер фестивалінің қорытындысымен жеңімпаздар марапатталды.
Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен фестивальдың марапаттау рәсіміне Жетісай ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Пірімбеков пен комиссия төрайымы Айжамал Қоңырбаева қатысты.
«Ауыл – әрбір қазақтың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейінгі сан толқын ұрпақтардың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекен.
Ауыл көркейсе – халық өмірі жақсарады, әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Ен дала төсінде жайқалып егін өссе, төрт түлік мал өрсе – ауылдың сәні сол.
Бүгінгі салтанатты шарада ауылдың мәдениеті мен өнерінің дамуына атсалысып, үздік шыққан жеңімпаздар марапатталатын болады. Бұл марапатқа бәріңіз де лайықсыздар, дегенмен, жарыс болған соң жеңімпаздың болуы заңды» деген Серік Қонысбекұлы фестиаваль аясында көрермендерге мәдени және рухани демалыс сыйлаған барша қатысушыға алғысын білдірді.
Қазылық еткен комиссия мүшелерінің шешімімен Абай ауылдық округі Жетісай ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне, Қазыбек би ауылдық округі «Әнші әжелер әдемі», Ынтымақ ауылдық округі «Ауылдық спорт жанашыры», Ж.Ералиев ауылдық округі «Үздік ауыл көрмесі», Атамекен ауылдық округі «Келешегі кемел ауыл» номинацияларына ие болды.
Ал, Қарақай және Мақталы ауылдық округтері ІІІ орынға табан тіресе, ІІ орынды Асықата кенті мен Қызылқұм ауылдық округі өзара бөлісті. І орын Жаңа ауыл ауылдық округінің өнерпаздарына бұйырса, Бас жүлде Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің қанжығасына байланды. Барлық жеңімпаздар мен номинация иегерлеріне арнайы дипломдар мен бағалы заттай сыйлықтар табыс етілді.
Мерекелік шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, жиналған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.




