Дін ата дәстүрден алшақтамауы керек. Дәстүрлі дін ғана еліміздің өркендеуіне оң ықпал етпек. Осы өзекті мәселе Шымкент қаласының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен Республикалық ғылыми-практикалық форумда қозғалды.
Аталған Форумға Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің өкілдері, аймақтық Дін істері және қоғамдық даму басқарма басшылары, имамдар, жоғары және орта оқу орындарының студенттері қатысты. Жиынның мақсаты – жастарды деструктивті діни идеологиялардың ықпалынан сақтау, оның алдын-алу, жастар арасындағы дін мен діншілдік тақырыптарын талқылау.Кездесуді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары – Шыңғыс Мұқан ашып береді.
Бүгінгі таңда жастар арасында дін туралы дұрыс түсінік қалыптасу басты назарда. Соңғы жылдары дінге бет бұрған жастар қатары артқан. Дұрыс ұйымдастырылған түсініктеме жұмыстары нәтижесінде деструктивті дінге ауғандар қатары біршама төмендеген.
Форум барысында дін өкілдері мен ғалымдар баяндамаларын оқыды. Жат ағыммен күрес жолдары әңгімеге арқау болды. Дінді дұрыс ұстансаң қасиет, дұрыс ұстанбасаң қасірет. Жастарды баба дін ата дәстүрден алшақтатпау басты назарда. Бұл жолғы форумныңда басты мақсаты осы.
Экстремизм қатерлі ісікке ұқсас, егер алдын алу шаралары уақтылы жүргізілмесе, уақыт өте келе өсіп, терең тамыр алады. Сондықтан халықтың діни сауаттылығы өте маңызды және қажет. Ал діни сауаттылық – оқыту, ағарту және әдебиет арқылы алынған білім. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев қара сөзінде: «Адам – өз заманының баласы. Егер ол жаман болса, оның замандастары да кінәлі». Қазіргі кезде мемлекет үшін жастарды тәрбиелеуге, физикалық және рухани түрде сау және толыққанды жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау маңызды мәселе деп ойлаймын.
Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының, қоғамның, мемлекеттің жауапкершілігі. Қоғамның мемлекетпен бірлесе отырып, бұл бағытта жұмыс атқаруы маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Жастардың сауатты, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуы да үлкен септігін тигізеді деген ойдамын.