Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында, қаламызда 2021 жылдан бастап көпқабатты үйлер ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында атқарылып келеді.
Бүгінгі таңда Еңбекші ауданы аумағында ағымдағы жылы аталған жоба 2-кезеңмен іске асырылып жатыр.
І-кезеңде 37 жоба бойынша 52 көпқабатты үй аулаларын абаттандырылып, жеке секторда 6 балалар ойын алаңшасы орнатылды.
ІІ-кезең бойынша 12 жоба іске асып, 21 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды.
Жалпы Еңбекші ауданы бойынша 630 көпқабатты тұрғын үй 435 аулаға біріктірілді. Ауданда 2011-2020 жылдар аралығында кезең-кезеңімен 565 үйдің 373 ауласы көгалдандырылған.
Биылғы жылы бағдарлама аясында 73 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды. Сонымен қатар жеке секторда 6 кешенді балалар алаңшасы құрылды. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1,8 есеге өскен.
Ал, 2023 жылы 20 көпқабатты үйдің ауласын қайта жаңғырту және балалар ойын алаңшасын орнатуға сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінімге ұсынылған. Одан бөлек, 138 жобаға жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша тұрғындар өз ұсынысын жеткізу арқылы, жергілікті бюджеттің қалыптасуына атсаласып отыр. Бұқаралық спортты дамыту бағытында да тындырымды тірлік бар. Биыл аудан аумағына 4 спорт алаңының құрылысы мен қолданыстағы 5 спорт алаңшасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Аудан әкімдігінің дерегінше, осы алаңдар қараша айының соңына дейін толық пайдалануға беріледі. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды. Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда.