Шымкент қаласының «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы шеңберінде «Жаңғыру – жыр арқауы» шығармашылық сайысы өтті.
Сайысқа этностық топ өкілдері санатындағы жастар қатысып, қазақ тіліндегі көркемсөз оқу шеберліктерін көрсетті, классик ақындарымыздың топтамаларынан өлеңдер оқып, поэмаларынан үзінділер келтірді. Жоба қатысушыларының өнерін сарапқа салған қазылар алқасы жоба қатысушыларының дайындығын, қазақ тіліндегі сөз саптауын, әдеби тілді меңгеруін, көркемсөз оқу шеберлігін, шығармашылық таным-білігін бағалап, үздік шыққандарын анықтады.
Қазылар алқасының ұйғарымымен «Жаңғыру – жыр арқауы» шығармашылық сайысының жеңімпаздары болып І-дәрежелі дипломмен – Mohd Farhad Aoub, ІІ-дәрежелі дипломмен – Рахметова Рухшона, ІІІ-дәрежелі дипломмен – Махаматкулова Дилмира марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Барлық қатысушыларға «Қазақтану» жобасын іске асыруға қосқан үлестері мен азаматтық белсенділіктері үшін Алғыс хаттар табысталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы шеңберінде өткен «Қымыз – Ұлы даланың ұлы қазынасы» іс-шарасының ерекшелігі сол, қазақтың ұлттық сусынын даярлауда тек этнос өкілдерінің мүшелері бақ сынады.
Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезіміне, рухани болмысына, тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына, мәдениеті мен өнерінің тұтас бөлігіне айналып кеткен киелі жануар екені белгілі. Қазақ баласының Қамбарата түлігін төресіндей көретіні соншалықты, оны бүткіл болмысына, жан дүниесіне балап, теліген.
Қазақтың қадір тұтқан құндылығын өміріне шырақ, тіршілігіне арқау еткен азаматтар, оның ішінде этностық топ өкілдері арамыздан көптеп табылуда. Мақсат – қазақтың танымын, халқымыздың киелі құндылықтарын көпшілікке дәріптеу, олардың біріктірушілік әлеуетін пайдалана отырып, Қазақстан халқын мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру.
Байқаудың қазылар алқасына кіл мықтының ішінен нағыз мықтыны анықтау оңай болған жоқ. Дегенмен, ұсынған қымызының даярлау әдісін, қымыз түрлері жөнінде кең мағлұмат берген азаматтар жоба жеңімпаздары болып танылды.