Бүгін Түркістан қаласындағы «Tob Tobe Grand Hall»-да «Zhas Project» гранттық жобасының қорытынды кеші мен үздік тәжірибелер форумы өтті.
Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Ахымбетов, Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов қатысты.
Аталған жоба аясында Түркістан облысында 63 жоба іріктеліп, әрбір қатысушыға өз бастамаларын іске асыру үшін 1 000 000 теңгеге дейін грант бөлінген.
Салтанатты шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Сәрсенбайұлы аталған жобаның жас таланттар үшін үлкен қолдау болғанын атап өтті.
«Халқымызда «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген қанатты сөз бар. Бүгін, міне, «Zhas Project» гранттық жобасының қорытынды кешінде білікті, талапты жастар үздік жобаларын ұсынып, өздерін кәсіпкер ретінде дамытуға мүмкіндік алып отыр. Барлығының жобасымен танысып шықтық. Оның ішінде нәрестелерге арналған массаж бен жөргек, сондай-ақ спорт саласы, тамақ өнімдері бойынша маңызды жобалар бар. Осылардың ішінде ұлттық спортымызды ұлықтаған садақ ату жобасы әсерлі болды. Жалпы, елімізде 3 млн, 5 млн көлемінде беріліп жатқан қайтарымсыз гранттар бар. Олардың басты шарттарының бірі — инновациялық болуы керек. Болашақта түркістандық жастардың қолынан шыққан инновациялық жобалар көбейеді деген сенімдеміз», — деді Бахыт Сәрсенбайұлы.
Қорытынды кеште Балжан Құдайбергеннің «IELTS Study Group» жобасы, Ильяс Марлиновтың «Блокты бағдарламалау» жобасы, Алуа Тұрсынханның «Көп реттік жөргек» жобасы, Кентау қаласында оқушыларды шахматқа баулаған мұғалім, тренер Асхат Шотаевтардың жобасы үздік деп танылды. Олар көпшілік алдында өздерінің жаңа жобаларын таныстырып, практикалық маңызына тоқталды.
«Біз жөргектерді көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тегін таратамыз. Ең бастысы экологиялық таза, бала денсаулығына аллергиялық әсері жоқ. Бір реттік жөргек — 200 теңге. Бір күнде 4 жөргек ауыстырсаңыз — 800 теңге. Айлық шығыны 24 мың теңгені құрайды. Бір үйде 3 бала болса, айына 50-70 мың теңге жұмсалады. Біздің жөргектер арқылы әр отбасы 50 мың теңгеге дейін үнемдей алады», — дейді кентаулық «Көп реттік жөргек» жобасының жетекшісі Алуа Тұрсынхан.
Айта кету керек, «Zhas Project» — әлеуметтік жобаларды іске асыруға, өз әлеуетін, өмірлік маңызды дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға 18 жастан 28 жасқа дейінгі мүдделі жастарға бағытталған жоба.
«Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы жұмыс істейді, церебральды сал ауруы бар балаларға емдік атпен жүру сабақтары өткізіледі, сабындар, кептірілген жемістерден жасалған эко чипстер мен инкубация арқылы жұмыртқалар өндіріліп жатыр. Өңірімізде жобаның жастар арасында үлкен сұранысқа ие болуына байланысты алдағы уақытта гранттық жобалардың санын ұлғайтуды ұсынамыз», — дейді Түркістан облысы бойынша «Zhas Project» жобасының жетекшісі Дінислам Бимаханбетов.
Еске сала кетсек, жоба барысында шағын гранттарды іске асыру қорытындысы бойынша Түркістан облысында 18 білім беру курсы, 12 спорт секциясы, 6 наубайхана және кондитерлік шеберханасы, 6 тігін шеберханасы, 5 логопедиялық орталығы, 4 сұлулық салоны, 3 массаж кабинеті, 3 демалыс орталығы іске қосылған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі