Түркістандықтар жасыл желектің жайқалуына отбасымен үлес қосуда. Бүгін қалада тұрғындар сенбілікке шығып, ағаш отырғызды.
Науқанға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және де ардагерлер кеңесінің мүшелері де қатысты.
Ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоршаған ортаны қорғауда ұжымдық жауапкершілік қалыптастыру, тұрғындарды ағаш егуге жұмылдыру арқылы табиғатты қорғауға ынталандыру, жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға түркістандық тұрғындар белсенділікпен атсалысуда.
Эко-акция аясында «Яссы», «Отырар», 1,2 мөлтек аудандарында, «Денсаулық» саябағында, Кентау тас жолында және балабақша, мектеп аулаларында 57732 түп қарағаш, үйеңкі, тұя, өрік, қарағай көшеттері отырғызылды.
Еске сала кетейік, шаһарды көркейту және көгалдандыру бағытында ұйымдастырылған акция 25 қарашаға дейін жалғасады.
Түркістан қаласы аумағында құрылыс жұмыстары, абаттандыру жұмыстарымен қатар көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірнеше жаңа демалыс орындары салынып, бірнешесі қайта жөндеуден өткізілді. Заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, көгалдары қайта төселіп, суғару жүйелері мен балалар алаңдары мен ойын алаңдары жаңартылып, «Түркі бағы», «Рәміздер» алаңы, «Есімхан» алаңы жөндеуден өткен болатын. Сонымен бірге отбасылық көңіл-күй көтеру мен серуендік демалысқа бағытталған «Жібек Жолы» саябағы қолданысқа берілді.
Түркістан қаласына бекітілген секторларда аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар тарапынан көгалдандыру жұмыстары жалғасын табуда. Секторлар бойынша қураған ағаштардың орнына жаңа ағаштар егіліп, қосымша 42 мың дана егу мен жасыл екпелердің санын көбейту жүргізілуде. Қалада жасыл желектерді күтіп-баптау мен егу көркейту жұмыстары тоқтаған емес, алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасатын болады. Бәрінен бұрын, «Отбасыңмен он тал ек!» экоакциясы қала тұрғындары тарапынан барынша қолдау тауып, талдарды күтіп-баптау дәстүрге айналғаны қуантады.