Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес БҒМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. «Оқуға құштар мектеп» жобасыны аясында көркем әдебиеттер тiзiмi 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Яғни олардың қатарына еліміздің үздік классиктернің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлар, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары енетін болады. Білім берудегі кітап оқуға үйрету мәселелері әрдайым маңызды болғанымен, оқу сауаттылығын дамыту тапсырмасы ҚР-ның мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыратын заманауи мектеп үшін жаңа сала болып табылады. Оқу сауаттылығы қазіргі қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. Оқу мәдениеті оқушылардың нақты және жаратылыстану ғылымдарын, еңбекке үйрету және дене шынықтыру, сондай-ақ басқа да пәндерді табысты оқып білу үшін міндетті ме? Жауабы анық. Әрине, иә. «Оқу мәдениеті — өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі тәрбиелеу дағдыларын қалыптастыру факторы» деген түйін сөз бекер айтылмайды. Оқуды дамытуда әдістемелік әдістерді жүйелі және мақсатты түрде қолданған жағдайда оқушының дербес оқуын қалыптастыруға үлес қосады.
Сондықтан бүгінгі таңда оқушылардың кітап оқу құзыреттілігін қалыптастыру өте маңызды міндет болды.
«Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» республикалық жобасы Түркістан облысында табысты іске асып келеді. Былтыр Түркістан облысы әкімдігі мен Болат Өтемұратов қоры өзара меморандумға уағдаласқан болатын. Меморандум негізінде облыстағы 50 мектепке “Jas Leader” факультативті курсы оқытылды. Аталмыш жоба оқушылардың, кітапханашылардың жəне ата-аналардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, сондай-ақ, оқу мəдениетінің деңгейін арттыруға жəне оқуды насихаттауға бағытталған. Әкімдік тапсырмасымен атқарып отырған облыстағы “Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт” жобасы аясында Облыстық Білім беруді дамыту орталығының инновациялық «KitapХАН@» кітап оқу жарыс жобасына Болат Өтемұратов қоры қолдау көрсетті. Аталмыш жобаға облыстағы білім беру ұйымдарының педагогтері, колледж студенттері мен 5-10 оқушылары қызыға қатысып келеді.
2022 — Балалар жылында «KitapХАН@» кітап оқу жарысының жеңімпаздарын марапаттау үшін сыйға тартылатын «Steppe World» баспасының заманауи өте құнды “Хәрри Поттер” және тағы басқа көркем әдебиеттерін алуға қор демеушілік жасады.
Жоба аясында көркем әдебиеттер тізімі 4 бағыт бойынша жүзеге асыру көзделген. Олар: еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітабы және түрлі анықтамалықтар мен ғылыми-көпшілік басылымдар және оқу-әдістемелік құралдарымен жасақтау. Жоспарды жүзеге асыру үшін жыл сайын мектептердің кітапханасын 20 %-ға көркем әдебиетпен толықтыру жұмыстары жүргізілмек. Яғни бес жыл ішінде мектеп кітапханалары 100 пайыз көркем әдеби шығармамен кітап қоры толығуы тиіс.
Жоба аясында кітапханалар жаңа цифрлық кеңістікке де бет бұрған. Осы орайда, E-KITAPHANA мектеп оқырманына арналған бұлтты сервисін облысқа ендіру жұмыстары басталды. E-KITAPHANA цифрлы жүйесі облыстағы барлық білім беру ұйымдарындағы оқулықтар мен көркем әдебиеттердің электронды базасын құрады.
Сонымен қатар, аймақтағы мектептердің кітапхана мамандарымен WhatsApp желісі арқылы аталған жоба негізінде сауалнамалар алынып, әртүрлі тапсырмалар беріледі. Кітапхана мамандарының да кітап оқу мәдениетінің терең қалыптасуына оң ықпалын тигізетін онлайн сабақтар жүзеге асырылып жатыр.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстағы 41 білім беру ұйымының кітапханасы Coworkink орталықтарына бейімделіп жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта барлық аудандарда аталған орталықтарды ашу жоспарланып отыр.