Төлеби ауданы аумағында кәсіпкерлік және туризм саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аумақтағы кіші және орта кәсіпорындардың саны 20 болса, оның 3-і орта, 14-і шағын, 3-і қосалқы шаруашылықтар.
Тамақ өнеркәсібіндегі 7 кәсіпорын өнімдері көршілес аудандар, облыс аумағы мен Шымкент қаласының территориясына сатылымға шығады. Құрылыс материалдарын өндіруді қолға алған 4 кәсіпорын, жеңіл өнеркәсіп саласындағы 2 кәсіпорын жұмысы ретке қойылған. Машина мен құрал-жабдықтар шығару саласындағы 2 кәсіпорын, мұнай өңдеу саласындағы 1 кәсіпорын, электр қуатын жеткізуді қолға алған 3 кәсіпорын өнімдері әрдайым сұранысқа ие.
Мемлекеттің саяси жүйесіндегі өзгерістер өнеркәсіп саласының өркендеуіне өз әсерін тигізіп отыр. Көршілес елдерден келетін шикізат көлемі төмендеуіне байланысты бұл саладағы өнімнің азаюы орын алуда.
Ал, туризм саласы негізінде 140 нысан жұмыс істесе, оның 4-і емдеу-сауықтыру орталықтары, 71 демалыс аймақтары, 64 саяжай. Бұл саланы дамыту үшін мемлекеттен алғаш рет туристік нысан иелеріне субсидиялар бөлу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Туристік қызмет» Заңына сәйкес, аудан аумағына келіп тынығатын шетел азаматтарына жарна төлеу мөлшерлемесі бекітілді.
Туризм саласы арқылы ауданның имиджін қалыптастыру мүмкіндігі мол. Туристер, демалушылар ауданда тынығып қана қоймай, мәдениет, әдет-ғұрып пен дәстүрлер жөнінде толық ақпарат алады. Сондай-ақ, бұл сала ауданның бюджетіне қомақты қаржы түсіріп қана қоймай, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай туғызады.
Биылғы жылы аудан аумағында «Қасқасу» туристік – рекреациялық аймақтың құрылысы жалғасын тауып, «Шипабұлақ» демалыс аймағы кеңейтіліп, «Alma-Tau» таулы курортында қосымша қонақүй мен спорт кешенінің құрылысы жүргізіледі.