Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы қылмыстар, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары аясында арнайы танымдық экскурсия ұйымдастырды. Шараға мектеп оқушылары жұмылдырылды. Яғни жасөспірім ұл балалар полиция бөліміне келіп, ондағы жедел басқару орталығы, тергеушілер мен криминалистердің арнайы бөлмелері, кезекшілік бөлім мен өзге бөлмелер аралап, жұмысымен танысып шықты.
Сондай-ақ мектеп бітіруші оқушылар арасында полиция қызметіне қызығушыларды ҚР ІІМ-нің Жоғары оқу орындарына шақыру, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Экскурсия соңында оқушылар полицейлерге арнайы уақыт бөліп, көңіл аударғандары үшін алғыстарын айтты. Полиция бөлімін аралап, тыныс-тіршілігімен танысқан балалар болашақта полиция қызметкері боламын деген сөздерін мақтанышпен жеткізді.
Еске сала кетейік, маусым айында да Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері білім бөлімімен бірлесіп, полиция бөлімінің ғимаратында «Ашық есік» күнін өткізді. Жиынға 30-ға жуық оқушы қатысты.
Шараның мақсаты — жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау және алдын алу. Яғни мектепте әлімжеттік көрсетіп, ақша жинайтын, қақтығыс жасайтын оқушылармен жүйелі түрде жұмыс жасау. Жиын барысында полиция подполковнигі Жан Мамыров тәртіп сақшыларының қызметінде арнайы құралдарды таныстырып өтті. Жасөспірімдер арасындағы орын алатын құқық бұзушылықтың алдын алу профилактикасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әрбір құқық бұзған адам заң алдында жауап беретінін алға тартып, ондай қадамға бармауға кеңес берді. Сонымен қатар мектеп бітірушілер арасында полиция қызметкері болғысы келетіндерді ҚР Ішкі істер министрлігінің жоғарғы оқу орындарына түсуге үгіт-насихат жүргізді. Оқушыларға полиция қызметінің қыр-сырын ашып түсіндіріп, қызықты оқиғаларымен бөлісті. Бұл мамандықтың қиындығы мен жауапкершілігін алға тартып, «Кез-келген адам полиция қызметкері бола алмайды. Тәртіп сақшысы болу үшін төзімділік пен сабырлылық, жылдамдық, асқан жауапкершілік қажет» — деп атап өтті.
Мұндай шара алдағы уақытта жалғасын табатын болады.