Бүгін «2022 жыл – Балалар жылына» орай «Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ» ұранымен Асалбай Турсыновты еске алуға арналған футболдан ересектер арасында Жетісай әуесқой лигасы бастау алды.
Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен теңбіл доп додасында Шардара, Мақтаарал мен Жетісай аудандарынан келген 16 құрама бақ сынауда.
Салауатты өмір салтын өскелең ұрпаққа насихаттау мен спортшылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған байрақты бәсекенің ашылу салтанатына аудан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битөреев, ардагер спортшылар қатысып, теңбіл доп шеберлеріне сәттілік тіледі.
«Асалбай Турсыновты еске алуға арналған ауданаралық турнирге қош келдіңіздер! Салауатты өмір салтын қалыптастыруда дене тәрбиесінің маңызы зор. Спорт – денсаулық кепілі. Бүгін турнирде сәттілік серіктеріңіз болсын. Командаларға жеңіс, төрешілерге әділдік тілеймін» деді бөлім басшысы Еркебұлан Сейдалиев.
Бекітілген ережеге сәйкес жасыл алаңда доп қуалаған командалар алғашқы кездесулерден бастап өздерінің жарысқа деген жігерлері мен дайындықтарын тартысты да қызықты ойын өрнегімен көрсетті.
Аталмыш турнирге демеушілер тарапынан жүлделі орынға ие болған командаларға қомақты қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар, кубоктар табысталатын болады. Сонымен қатар, үздік ойын өрнегін көрсеткен жекелеген ойыншыларға «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылдаушы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша да арнайы жүлделер табысталады.
Айта өтсек, аз ғана уақыт ішінде жастар мен ерексектер арасында спорттың футбол түрінен лигалар ұйымдастырып, қала, кент, ауылдық округтерден спорттық үйірмелерді ашуды қолға алып отыр. Ондағы мақсат – жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, бос уақыттарын тиімді пайдалануларына жағдай жасау, дағдыландыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, бұқаралық спортты дамыта отырып дені сау ұрпақ тәрбиелеу, болашақ ел чемпиондарын дайындау болып табылады.
«Спорт – тәрбие құралы. Жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру үшін спорт таптырмас көмекші. Себебі, өскелең ұрпақты спортты сүюге, оны серік етуге баулу арқылы тек салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, олардың бойында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастырамыз. Бұл мақсатта аудандағы қала, кент, барлық ауылдық округтерде спорттық үйірмелер ашып, тиісті жұмыстар жүргізетін боламыз»,- дейді сала жауаптылары.