Түркістанда білім беру ұйымдары педагогтерінің құқықтарын қорғау және педагогтік әдеп мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінде өткен жиынға кеңес мүшелері қатысты. Отырысты кеңес төрағасы Ғалымжан Алматов ашып, алдыңғы 2022 жылдың 12 тамызында өткен кезектен тыс отырыста қабылданған қаулы бойынша Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына хат жолданып, құзыреттіліктері бойынша шешімдер қабылданғаны жөніндегі мәліметтер алынғаны бойынша хабарлама жасады.
Сонымен қатар, Кеңестің күн тәртібіне Бәйдібек ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты «Майбұлақ» жалпы орта мектеб» КММ-нің директоры мен Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты «Ғ.Мұратбаев атындағы гуманитарлық-техникалық колледжі» МКҚК-ның директорының Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Педагог мәртебесі туралы» №293 заңының талаптарына қайшы келетін іс-әрекеттері бойынша түскен арыздары қойылды.
Айта кетейік, «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының мақсаты — педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Бұдан басқа, Заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған, сондай-ақ педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген. Жалпы Заң төрт бағытты қамтиды, оның ішінде педагог қызметіне қойылатын талаптарды күшейту қарастырылған. Бұл ретте, педагог этикасы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген, әрбір білім беру мекемесінде Әдеп жөніндегі кеңес қызметі енгізілген.
Күн тәртібінде көтерілген екі мәселе бойынша кеңес мүшелері арыздарды қарап, арызданушыны тыңдады. Ойларын ортаға салып өз құзыреті шеңберінде Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына және Бәйдібек ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қабылдаған қаулы негізінде тиістілігі бойынша хат жолдауға ұсыныс жасады.