Ордабасы ауданына келген облыс әкімінің бірінші орынбасары бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Бадам ауыл округінде орналасқан қара металдың көптеген түрінен құймалар шығаратын елімізде теңдесі жоқ «Karlskrona LC AB» зауытының өнім сапасы экспресс-зертханаларда тексеруден өткізіледі. Өндіріс орны 2016 жылы «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Жобаның құны – 868,2 млн.теңге. 64 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 3 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Ал, «Қазақ-Түрік индустриялды аймағында» орналасқан «Green Technology industries» өндіріс орны полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеумен, синтепон талшығын өндірумен айналысады. Жылына 15 000 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Құрылтайшылар — қытайлық инвесторлар (49%). Инвестициялық құны – 6 млрд. 800 млн.теңге. Зауытта 250 адам жұмыспен қамтылған. Өнім ішкі нарықтан бөлек Ресейге экспортталады.
Ордабасы ауданында бүгінгі таңда 40 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру, электр энергиясымен жабдықтау салаларын қамтыған. Жыл басынан бері онда 21 млрд. 189 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында инвестициялық құны 105,1 млрд.теңге болатын 6 жоба іске асырылуда және 1 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. 9 айдың ішінде ауданға 26 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылған. Ордаабсы ауданында 12 мың 170 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Онда 18 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
2022 жылдың 9 айында инвестициялық құны 2 млрд.254 млн.теңгені құраған және 82 жаңа жұмыс орнын ашқан 21 жоба (сауда орталығы, дәріхана, емдеу орталығы, тамақтану орны, май ауыстыру бекеті, жылыжай, жаңбырлатып суғару, мал бордақылау алаңы және т.б.) іске асты. Шағын және орта бизнес субъектілерімен 2022 жылдың 1-тоқсанында 13,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Жылдық жоспар – 105 млрд.теңгенің өнімін өндіру.