Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен «ӨРЛЕУ» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтының филиалында білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жиын өтті.
Іс-шараға Департамент өкілі Жазира Әлжанова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрағасы Әсел Мұхаметжанова, Басқарма төрағасының орынбасары Айжан Киргизбекова, қалалық филиалының басшысы Лаура Искакова мен білім бақылау департаментінің өкілі Данияр Егізбаев, Орталық қызметкерлері мен оқуға келген мұғалімдер қатысты.
Кездесуде сөз алған Ж.Әлжанова елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді тетіктерді қалыптастыру бойынша қабылданып жатқан жүйелі шаралардан хабардар етті.
Спикер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асырудағы негізгі басымдықтардың бірі превенция, яғни сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылатындығын айтып, осы бағытта қолға алынған жобалар бойынша мәлімет берді.
Іс-шарада Департамент қызметкері өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына білім саласы енгенін айтып, аталған саладағы жемқорлықтың алдын алудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, Агенттіктің 1424 Call-орталығына филиал қызметкерлері тарапынан біліктілікті арттыру барысында нәтижелі баға алуға ықпал етуге байланысты мұғалімдерден ақшалай сыйақы жинауға қатысты хабарлама келіп түскені айтылып, заңсыз сыйақы алмауға ұжымды шақырды.
Жиын соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институтының маңыздылығы түсіндірілді.