Шымкент қаласы республикалық мәртебеге ие болғалы бері тек қана инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 168 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл қаладағы көптеген проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Бүгін «Көрме орталығында» Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесіп, 9 айда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деп мәлімдеді.
–Жақында қаламызға арнайы келген Мемлекет басшысы Шымкенттің дамуына оң баға берді. Шаһар республикалық мәртебеге ие болғалы бері тек қана инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 168 миллиард теңге қаржы қаралғанын атап өтті. Бұл қаладағы көптеген мәселені оң шешуге мүмкіндік берді, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы 2020 жылы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 95,6 пайыз болғанын, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл бұл көрсеткіш 99 пайызға жеткеніне тоқталды. Шаһар басшысының айтуынша, 2023 жылы ауыз су мәселесі толығымен шешілмек.
Қала әкімінің айтуынша, 2020 жылы табиғи газбен қамтамасыз ету – 92,2 пайызды, ал, сапалы электрмен қамтамасыз ету 95 пайызды құраған. Жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биыл табиғи газбен қамту көрсеткіші, 94,7 пайызға, ал, сапалы электрмен қамтамасыз ету көрсеткіші 99 пайызға жеткен. Мұрат Дүйсенбекұлы сапалы электр қуаты мәселесі 2023 жылы, ал, көгілдір отынмен қамту жайы 2025 жылы толығымен шешілетінін айтты.
Кездесу барысында Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов 9 айда атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоба-жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, кездесудің соңында қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарды мазалайтын барлық сұрақтарға толық әрі жан-жақты жауап берді.
Қаратау ауданында шаһар басшысының тұрғындармен кезекті есепті кездесуі өтті. Жиын барысында аудан әкімі Рахымберді Мулкеманов аудан көлеміндегі сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарына кеңінен тоқталды.
Былтырғы жылы сапалы ауыз сумен қамту бойынша “Көмешбұлақ”, “Асар”, “Шымсити”-ден “Достыққа” дейінгі әлеуметтік нысандар бойынша 3, кестемен “Нұртас” елді мекеніне 1, тасымалмен “Тұран”, “Асар-2” елді мекендеріне 2, жалпы саны 6 магистралды жобаның құрылысы аяқталып тапсырылған болатын.
Биыл “Нұртас су жинақтағыш” әлеуметтік нысаны бойынша 3 елді мекенде атап айтқанда,“ Қайнарбұлақ”, “Сайрам” және “Жаңақұрылыс” аумағындағы “Ақтас-2”-де құрылыс қарқынды жүргізілуде, жыл соңына дейін 1-еуі тапсырылса, 2 жоба жаңа жылға өтпелі.
2023 жылдың соңына дейін 5 нысанның құрылысы жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қаратау ауданының 91,6 %- сапалы ауыз суды тұтынады. 2023 жыл соңына қарай, аталған нысандардағы құрылыс жұмыстары толық аяқталса, жергілікті халық сапалы ауыз сумен 100% қамтылады”-деді аудан әкімі.