Кезектен тыс президент сайлауына үміткер үш азамат Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында көрсетілген талаптарға сәйкес болмай шықты.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 54-бабына, 59-бабының 7-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Қаулысымен Хайрулла Мағауияұлы Габжалилов, Талғат Файзоллаұлы Ерғалиев және Фатима Бизақова Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден өте алмады.
Ал шамамен бір сағат бұрын Орталық сайлау комиссиясы тағы бір үміткердің кандидаттыққа сәйкестігін тексерді. Ол – Қазақстанның әуесқой футболшылар лигасы ұсынған Бақыт Жаңабаев. Комиссия 46 жастағы азамат барлық талапқа сай деп шешім шығарды. Мысалы, бүгінгі қалыс қалған үш кандидатқа қарағанда, Жаңабаевтың мемлекеттік қызметте 21 жылдық өтілі бар екен. Осымен ол – ресми тіркелген екінші кандидат. Біріншісі – қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орталық сайлау комиссиясы үміткерлердің талапқа сәйкестігін анықтау отырыстарын өткен аптаның демалыс күндері бастап кеткен болатын.
Әуелі қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың канидат ретінде талаптарға сәйкестігі туралы қаулы қабылданды. Орталық сайлау комиссиясы заң аясында құзыретті органдарға сұрау салу арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы екенін белгілеп, кейінгі 69 жыл бойы Қазақстанда тұрған деген мәліметті тіркеді. Ал мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 43 жыл 1 ай. Өзге кандидаттардан бір айырмашылығы, Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы ҚР Конституциялық Заңының 54-бабы 2-тармағы бойынша, қазіргі мемлекет басшысы ретінде мемлекеттік тілден емтихан тапсырудан босатылған.
Айта кетейік, 11 қазанда Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну аяқталды. Енді үміткерлерді тіркеу, қол жинау 21 қазанға дейін жалғасады. Әр кандидат 118 273 сайлаушының қолын жинауы тиіс.
Еске салсақ, елімізде 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді.