Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қоғам санасында азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы тосқауылдар және оны шешу жолдары» тақырыбында семинар өтті.
Жиынды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев сөз сөйлеп, ашып берді. Басқарма басшысы өз сөзінде мемлекеттілікті нығайту жолында ел бірлігін бекемдеу, патриоттық сезімді сіңіру маңызды екеніне тоқталды. Семинар барысында ОҚМПУ-нің «Рухани жаңғыру» және тәрбие бөлімі басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев баяндама жасады.
Аталған іс-шара қоғамда ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, мемлекеттің ұлттық саясатының ең басты бағыт-бағдары болып табылатын ұлттық және азаматтық бірегейлікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған. Сонымен қатар семинарда мемлекеттің жан-жақты ойластырылған этносаясаты мен қоғамды демократияландыру процесіндегі жетістіктері насихатталды.
Қашан да қоғамға қажет нәрсе ұлттық бірегейлік, себебі, мемлекеттің тұтастығы қоғамдағы ұлттың және зиялылардың азаматтық бірегейлігіне тәуелді. Ұлттық бірегейлік ұрпақтың рухани деңгейінен шығады, рухани деңгей арқылы көрініп, жүзеге асып отырады. Ұрпақтың рухани деңгейі ұлттық тәрбие, діни сауаттылық, тарих білімі, интеллектуалдық қызметі, мәдениеті, қабілеті, өнері, білімі, еңбекқорлығы негізінде көрініп отырған. Рухани деңгейі бар қоғамда ұлттың және оны демеп отыратын зиялылардың азаматтық, тұлғалық бірегейлігі сақталмақ. Керісінше жемқорлыққа, парақорлыққа халықтың көзі үйренген ортада ұлттық бірегейлік түгіл азаматтық бірегейлік болмайды, болса да қоғамда елдің табиғатына, ұлттың мінезіне жат нәрселердің орын алуы себепті тарихтан келе жатқан дәстүрден өсіп келе жатқан ұрпақтың ішкі әлемі алшақтай түспек,-дейді жиынға қатысушылар.
Семинарда ОҚМПУ-нің «Маркетинг және мансап» департаментінің басшысы, заңгер-ғалым, Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі Ғалымжан Битұрсын және Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, медиатор Бақытжан Бейсембаев өз пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.