Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтсақ, маусым айында бюджеттің болжамды игерілуі туралы, газдандыру нысандарындағы құрылыс жұмыстары, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәселелер тыңдалды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бо-йынша инфрақұрылым және коммуни-кация бөлімі басшысының міндетін ат-қарушы Н.Көпбаев хабарлама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету құрылысының 2-ші кезеңі бойын-ша құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 28,4 шақырымның 28,2 шақырым газ құбыры салынған. Сонымен қатар, жоба бойынша 11 дана газ реттегіш жәшігі толық орнаталыпты.
Иассы мөлтек ауданы, Ыждыхат тұрғын үй массивінің тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 3-ші кезең бойынша құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жоба бойынша 115,997 шақырым газ құбыры толығымен монтаждалған. Нысанды мемлекеттік қабылдаудан өткізуге жұмыстар жүргізілуде. Жоба жүзеге асқан жағдайда 4161 абонент табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Ал, Шавгар мөлтек ауданына 2-ші кезең бойынша құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 113,231 шақырым газ құбыры толығымен монтаждалған. Құрылыс жұмыстары 98 пайызға аяқталып отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда 4424 абонент табиғи газбен қамтылатын болады. Бұдан бөлек, қала аумағындағы әрбір мөлтек аудандарда газ кіргізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жұмыс жоспарларын ортаға салды.
Шаһар басшысы қаланың әрбір тұрғынында тамыз айынан бастап әлеуметтік карта пайда болатынын жеткізді. Бұл карта арқылы қоғамдық көлікке мінуге, мектепте тегін тамаққа ие болуға және басқа да төлемдер жасауға мүмкіндік бар. Осы себепті, Рашид Абатұлы әр кәсіпкерде терминал болу қажеттігін баса айтты. Аталған жүйені әлі де жан-жақты толықтырып, тамыз айына дейін толығымен аяқтауды тапсырды. Алдағы уақытта өтінім беру, картаға қалай ие болу жолдары түсіндірілетін болады. Ал, қала тұрғындары үшін қызмет көрсету арзан әрі тиімді болмақ. Одан өзге, кәсіпкерлік нысандарды архитектуралық жарықтандыру жұмыстарын жандандыру қажеттігі де айтылды.
Жиын соңында қала әкімі жиналыстың күн тәртібінде қаралған басты мәселе табиғи газды кіргізуде тиісті бөлімге салғырттыққа жол бермей, жұмысты жедел ұйымдастыру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, қала тұрғындарына атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде үгіт-насихат шараларын жүргізуге және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттауды тапсырды.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.