Түркістан қаласындағы мұғалімдер арасындағы қалалық спартакиада өз мәресіне жетті. Аптаға созылған жарыстың қорытындысы бойынша Ә.Науаи атандағы №13 мектеп-гимназиясының ұстаздары жалпыкомандалық есепте спорттық бәсекенің жеңімпазы атанды. ІІ орынға Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы қол жеткізсе, Р.Исетов атындағы №20 мектеп ұжымы ІІІ орынға табан тіреді.
Жарыстың жабылу салтанатына арналған қорытынды кешке арнайы қатысқан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова мен қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлмира Турежанова жүлдегерлерді марапаттады. Сонымен қатар сайыс жеңімпаздарына ауыспалы кубокті табыстады.
– Барлығыңыз спартакиадада белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсеттіңіздер. Ұстаздар күні мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге шығармашылық табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін. Араларыңызда ерекше көзге түскен, үздіктерден құралған команда облыстық спартакиадаға қатысады. Рухани астанамыздың мерейін үстем етіп, жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдемін, – деді Оразкүл Шайхықызы.
Қазанның алғашқы жексенбісі — Қазақстанда Мұғалімдер күні. Жылда аталып өтетін бұл мерекенің түп мәні — ұстазды ұлықтау. Бұл замандағы данышпанның да, патшаның да, ақынның да, батырдың да бір-бір ұстазы бары анық. Аталған дода да айтулы мереке аясында іске асқан. «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ал ұлы мұғалім шабыттандырады», деген тамаша тәмсіл бар. олға алғаш қалам ұстатып, әріп танытқан ардақты жанға небір асыл сөз, әдемі теңеуді арнауға болады. Әлі күнге осы мамандықтың зейнетінен бейнеті басым. Кез-келген елдің дамуы мен бәсекеге қабілетті болуы ең алдымен мектептен басталады. Сондықтан өңірде ұстаздарға арналған іс-шара легі тоқтаған емес.
Еске салсақ, спорттық додаға шаһардағы мектептерден жасақталған 32 команда қатысқан болатын. Нақтырақ айтқанда, түркістандық 500-ге жуық ұстаз – үстел теннисі, волейбол (ерлер және әйелдер), шахмат, кіші футболдан сынға түсті.