«Ұлы дала елі» орталығында ақын Сырбай Мәуленовтың 100 жылдығына орай «Түркістаным — Тұраным» қалалық ақындар айтысы өтті. Түркістан қалалық мәдениет үйінің қолдауымен ұйымдастырылған жыр додасына 10 айтыскер ақын 5 жұпты құрап қатысты.
Айтыс — ата–бабаларымыздың аманаты. Бізді біріктіретін күш те, бірлігіміздің белгісі де ұлттық қазынамыздың қаймағына айналған, қазақтың қанына біткен киелі өнері, салт–дәстүрі, әдебиеті, діні, ділі екені сөзсіз.
Шараның мақсатының бірі киелі өнерді өміршең ету, ақындардың үлкен мектебін қалыптастыру. Ең бастысы қазақтың төл туындысын жаңаша үлгіде кеңінен насихаттау болып табылады. Жас ақындардың өнерін бағалап, әділ төрелігін танытар қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Профессор Құлбек Ергөбек зияткерлік бастауыш мектебінің» құрылтайшыларының бірі – Баян Адырбек, айтыскер ақын, «Өнер» мектебінің директоры Тұрар Тлеулиев болды.
Дүбірлі айтыста ақындар Сырбай Мәуленовтың 100 жылдығын тақырыпқа арқау етіп, жырдан шашу шашты. Бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарды. Суырып салма өнердегі азулы айтыскерлер мен бәйгеге енді қосылған жас ақындардың сөз сайысы арқылы жастар бой түзейді. Айтыс — ықылым заманнан бері сайын даланы мекен еткен қазақ атты халықтың айнымас серігі, ақылшысы, сарапшысы, өткір құралы еді. Сөз өнері ғана емес, тапқырлық пен ұшқыр ой, көсемдік пен шешендік ұштасқан тіл, діл, ұлт мектебі, өткірлік баспалдағы деп бағаланып келгенін көзі қарақты жұртшылықтың бәрі біледі. Осы қасиеттің барлығын бойында сақтап, ғасырдан ғасырға, заманнан заманға өзгермей өту мүмкін емес, əрине. Уақыт табы, қоғам көзқарасының бедері айтысқа сіңіп, көрініс тауып отырады.
Айтыс нәтижесі бойынша Бас жүлдені «Өнер» мектебінің қатысушысы Мейіржан Жарылқап еншілесе, І орынды Шахмардан Бекарасұлы жеңіп алды. Ал ІІ орынды Исламхан Мұхаметхан иеленсе, ІІІ орынды Ерсайын Диханбай қанжығасына байлады. Жас айтыскерлерге қаржылай сыйақы мен сертификаттар, қала әкімінің дипломы табыс етілді. Айтыстың марапаттау рәсімінде Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры Лиза Төлегенқызы сөз алып, жас ақындардың шығармашылығын шыңдап, рухани шаһар Түркістанды жырға қосатын жас ақындарды әрдайым қолдау керектігін айтты.