Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғыны Мұхтар Тұрдалиев көне Отырар кітапханасы орналасқан жерді көрсете алатынын мәлім етті. Сенбегеніміз рас. Әлемдегі ең бай Александрия кітапханасынан кейінгі орынға қойылатын көне Отырар кітапханасы бойынша ғалымдар арасында пікір қайшылықтары бар. Бірі оның бар екенін айтса, ендігі жазба деректер оны жоққа шығарады. Ал бәйдібектік тұрғын түсіне философ, ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыздың өзі еніп, Отырар кітапханасының орнын көрсеткенін айтады.
– Осыдан 40 жыл бұрын әл-Фараби бабамыз түсімде мені отбасыммен бірге Отырар төбеге жетектеп апарды. «Мына жерді сен жария қыласың», деді де қабырғаны құлатып жіберіп еді, астынан жасырылған кітапхана шыға келді. Алайда ол кезде Отырар қайда, Отырар төбе қайда екендігінен хабарым жоқ. Түсті елеусіз қалдырып, ескермей жүре бердім. Бір күні ғұлама тағы да түсіме жас жігіт бейнесінде енді. Бұл істі аяқсыз қалдырғаныма ренішін білдірді. Алайда оның маған сол жерді көрсеткені ақиқат еді, – деді қария бізбен әңгіме барысында.
Бастапқыда түнгі ұйқыдағы тылсым көріністерді елемей жүрген оның түсіне аппақ сақалды қария тағы да кірген. Бұл жолы «әлгі жерді неге өзгелерге көрсетпедің? Егер бұл істі аяқсыз қалдырсаң, отбасыңа ауыртпалық түседі» деп ескертіпті. Көрген түсін көңіліне алмай жүрген отағасының отбасында келеңсіз жайттар орын алып, жұбайы ауыр сырқаттан көз жұмады. Ұлдарының да отбасында береке болмай кеткен соң, Мұхтар Тұрдалиев болған жайтты басқаларға баяндаған көрінеді. Қарияның түсін бос сандыраққа балағандар «ғалымдар, археологтер таппай жүрген жерді сен қайдан табасың?» деп мазақ еткен де. «Бір күні бала-шағамды ертіп барып, адыр дала, айналасында ештеңе жоқ төбеге шықтым. Әл-Фарабидің түсімде көрсеткендерінің бәрі тұр. Тек әрмен қарай зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет болды. Сосын облыс әкіміне арыздандым. Ол Әлкей Марғұлан атындағы мұражайға жіберді. Алматыға барып, Асылы Османоваға жолықтым. Ол кісі мені Карл Байпақовқа алып барды. Асылы апайымыз: «Мұхтар мұны ойдан шығармайды», деп Карл Байпақовты мен көрсеткен жерді қазуға көндірді. Археолог қара күздің кезінде Отырар төбеге келді. Бірақ сол кезде ауа райы бұзылып, бір метрден артық қазуға мүмкіншілік болмады. Бір жағы қаржы таусылып, ісіміз аяқсыз қалды. Одан кейін, өкінішке қарай, Карл Байпақов өмірден өтті. Сосын Астана, Алматы қалаларынан археологтер шақыртып, Отырар төбеге ертіп әкелдім. Олар мұражай басшысына жолығып, мен көрсеткен орынға барды. Бір аптаның көлемінде қазба жұмыстарын бастайтындарын айтты. Алайда аяқ астынан ойларынан айнып, қазбай кетіп қалды. Егер әл-Фараби бабамыз көрсеткен орынды қазатын болса, кітапхана, арғы жағындағы киелі жерлер, бәрі де шығар еді. Өткен жылы жазда Карл Байпақов қазған орынға қайта бардым. Қазылған жер ойылып, ішке қарай түсіп кетіпті. Кейіннен бұл туралы белгілі ғалым, «Отырар» мұражайын ұзақ жылдар басқарған Мұхтар Қожаға айттым», дейді Мұхтар Тұрдалиев.
Ғалым Мұхтар Қожамен біз де сөйлескен едік. «Ол кісінің бұл мәселені көтеріп жүргеніне біраз жыл болды. Егер ол кісі бізге Отырар төбенің сырт жағын көрсетсе, күмән туындатар еді. Ақылға сыймайды деп айтушы едік. Қаланың ортасы болғаннан кейін, кім біледі, мүмкін шығып қалар қазып көрейік дедім. Ол кісі айтқаннан кейін барып көрдік, қыштан өрілген, жер астына баратын жолдар. Негізі ол жерлер Әмір Темір қайтыс болған Бердібек сарайы деп аталатын орталық. Отырар кітапханасы туралы жазба деректерде ешқандай мәлімет жоқ. Егер ол туралы деректер жазылып, сақталған болса, сеніммен айтар едім. Қаншама саяхатшылар Отырар туралы дерек жазып қалдырған, алайда тап сол Отырар кітапханасы болды деп жазылған деректер бірде-бір жерде жоқ», дейді тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа. Ғалымның пікірін «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық- музейінің директоры Сапар Көзейбаев та қолдады. «Ол кісі көрсеткен орын ханака немесе жер асты жолы болуы мүмкін. Елу жылда ел жаңа дейді, 4-5 қатарын алып тастасақ, астынан ескі қалашық немесе мешіт шығуы мүмкін. Оны анықтау үшін ғалымдар, археологтер мен тарихшыларды тартуымыз қажет. Ол кісі көрсеткен 2-3 метрлік жерді жабық күйінде ұстап отырмыз. Себебі ол туралы зерттелмеген күйі шығарып жіберсек, үлкен дау туындауы мүмкін. Бір жағы тарихи құндылығымызды жоғалтып аламыз», дейді Сапар Көзейбаев.
Мұхтар Тұрдалиев әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай осы тақырып төңірегінде жазған материалдары мен мақалаларын жинақтап кітап шығаруды көздеп отыр. «Жай ғана аян деп қолды сілтемей, бюджеттен ақша бөліп, мен көрсеткен орынды әрі қарай қазып, жалғастыру керек. Қазір пайда болған шұңқырға қарасаңыз, бәрі анық көрінеді. Әл-Фараби көрсеткен көне Отырар кітапханасының орны ескерусіз қалмаса екен», дейді қария.
Түркістан облысы
(egemen.kz)